Алматыда мәдени іс-шара ұйымдастыратын кәсіпкерлер табысын жасырған
Фискальдық орган мамандары жыл соңына дейін мәдениет, шоу-бизнес және басқа да демалыс пен ойын-сауық шараларын ұйымдастыратын жеке және заңды тұлғаларды жүйелі түрде тексермек

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәдениет, шоу-бизнес және демалыс пен ойын-сауық саласындағы салық төлеушілерді тексеру барысында табысын төмендетіп көрсеткен мекемелерді анықтады. Осындай қызметпен айналысатын салық төлеушілерге тексеріс жүргізілгенде кірісті 15 есеге азайтып көрсеткендер табылды, дейді депараменттің баспасөз қызметі.
Шоу-бизнес саласында түрлі шаралар ұйымдастыратын заңды тұлғаларға хронометрлік тексеру жүргізілгенде, төмендегі концерттік бағдарламалар бойынша салық түсімі төмендетілген:
Фестивальді ұйымдастыру - кірісі 20,9 млн. теңге;
Жеке концертті ұйымдастыру («Halyk Arena»мұз алаңы) – кіріс 31,1 млн. теңге;
Осы екі іс-шараның қорытындысы бойынша ұйымдастырушыға түскен кіріс 52 млн. теңге болған. Ал салық төлеушілер салықтық есеп түрінде небәрі 3 млн. теңгеге жуық соманы көрсеткен. Тиісінше кіріс салықтық есептерді 15 есеге немесе 48 млн. теңгеге төмендеткен.
Одан бөлек «Алматы Арена» кешенінде жаттығу ұйымдастырушыларға қатысты хронометрлік тексеру қортындылары анықталды. Салықшылар шара ұйымдастырушыларының 85 миллион теңгеден астам қосымша кіріс тапқанын анықтады. Қазір бұл фактлер бойынша табыс салықтарын мемлекет пайдасына толықтай өндіріп алу үшін шаралар қолданылып жатыр, деп көрсетілген қалалық кірістер департаментінің мәлімдемесінде.
Фискальдық орган мамандары 2019 жылдың соңына дейін мәдениет, шоу-бизнес және басқа да демалыс пен ойын-сауық шараларын ұйымдастыратын жеке және заңды тұлғаларды жүйелі түрде тексермек.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы