Талдықорған маңынан археологтар ерте темір дәуіріне жататын құнды жәдігерлерді тапты
Зерттеулер барысында қорғанның бірнеше рет тоналғаны анықталған
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы Талдықорған қаласы әуежайы маңындағы Дауылбай қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп, ерте темір дәуіріне жататын қорғаннан ерекше құнды бұйымдар тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Далалық зерттеулер барысында қорғанның бірнеше рет тоналғаны, соңғы рет өткен жылы ғана тоналып кеткені анықталды. Осыған байланысты Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы археологтардың күшімен аталған тарихи ескерткішті зерттеуді жөн деп тапты.
Мамандардың пікірінше, қорған элиталық болып саналады. Оның биіктігі – 3,4 м, диаметрі – 40 м. Айналасы ормен қоршалған. Тонаушылар батыс жағынан қазып, біртіндеп орталық бөлігіне қарай өткен. Далалық зерттеулер тонаушылар ашып кеткен ұңғыма-шұңқыр орнындағы қорғанның орталық бөлігінде жүргізілді. Бастапқыда қазба 5х5 м көлемде болды және ескерткіш конструкциясына орай кеңейтілді. Қазба барысында тас сауыт және өзге де конструкциялар, сондай-ақ тонаушылардан қалған шашылып жатқан ірі тастар, тастақтайшалар анықталды.
Археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байқонақов былай деді:
«Қорғанның төбесінен есептегенде шамамен 5 м тереңдіктен екі мола шұңқыры анықталды. Бірінші қабір шұңқыры толықтай тоналған. Бұл жерден қойдың жауырын сүйегін ғана табу мүмкін болды. Бұл сүйек ғұрыптық ас қалдығы болуы мүмкін. Екінші қабір шұңқырынан ер адамның сүйек қалдықтары, екі керамикалық ыдыс, мал сүйектері, қызғылт түсті ағаш қынабы бар ақинақ-семсер табылды. Ақинақ тұсында металл және сүйек қапсырмалар жатты. Сонымен қатар қоладан жасалған қорамсақ ілгегі, қола оқшантай мен ине, алтыннан дайындалған ілмекшелер табылды. Табылған алтын бұйымдар: белдік ілмешегі, түтікше, сондай-ақ мысық тұқымдасына жататын аң бейнелі айылбастар. Табылған бұйымдардың ішіндегі ең ерекшесі – шебердің қолынан шыққан, әдемі безендірілген жылан-айдаһар бейнелі сүйек қапсырма. Мұндай олжа отандық археологияда сирек кездеседі. Ол өңірдегі ежелгі тұрғындар арасында жылан, айдаһар немесе жылан-айдаһар культы таралғанын көрсетеді», - деді экспедиция жетекшісі Досбол Байқонақов.
Мамандардың сөзінше, қазылған қорғанды бұдан екі мың жылдай бұрын Жетісуды мекендеген юечжи немесе үйсін мәдениеттерімен байланыстыруға болады. Бұдан ары қарай археологтар зертханалық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Барлық бұйымдарға арнайы зерттеу жүргізіліп, ғылыми талдаулар жасалады. Кейбір олжалар «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық лабораториясында қалпына келтірілетін болады.
Айта кетейік, бұл жұмыстар «Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы» мен Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тапсырысы аясында іске асты.