$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталған фестиваль өтті

Бөрлі ауданы ұйымдастырған фестиваль жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды

БҚО-да ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталған фестиваль өтті

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында өткен аудандық «Дәстүр – trend» фестивалінде ұлттық салт-дәстүріміз жаңғырып, заманауи өркениетпен ұштасты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бүгінде халық арасында кейбір салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз ұмыт болып барады. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған салт-дәстүрімізді игі мақсаттарда қолдану, ұмытылып бара жатқандарын қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу – әрбір исі қазақтың міндеті. Көп ескерілмейтін дәстүрлерді біле жүру, жастар арасында насихаттау – игі іс.

Осы мақсатта ұйымдастырылған «Дәстүр – trend» фестивалінде  «Атамекен», «Алтын», «Жеті қазына», «Қарашығанақ», «Шаңырақ» ауылдарына бөлінген бес команда ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып үлгілерін қалың жұртшылыққа паш етті. Қонақтарды әр шаңырақтың келіндері сәлем салып қарсы алып, әжелер жас келіндеріне бесік жырын үйретті.

Ақ жаулықты әжелер қара өлең айтудан жарысқа түсіп, құлақ құрышын қандырды. Бұл күні қонақжай халқымыздың кең дастарханы ұлттық тағамдарға толды. Ақ сақалды қариялар ақ батасын беріп, тағылымды әңгімелерін айтты. Әр шаңырақта ет асылып, бас табақ, құда табақ, күйеу табақтар тартылды. Жағалай тігілген киіз үй маңында шашбауын тағынған қыз-келіншектер мен тақиялы жастар өлең жырлар оқып, алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын жырға қосып, іс-шараның көркін қыздырды.

Адырнасын сайлаған мергендер жебені желмен жарыстырып, нысанаға дәл көздеуден ешкімге дес бермеді. Ерлер арасында Мейрам Хайровтың жебесі мүлт кетпей, жеңіске жетсе, әйелдер арасында Назгүл Кунакаева тұғырдың биік сатысынан көрінді.

Спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының түрі аударыспақтың бәсекелерін сан мәрте тамашалап жүрсек те, осы жекпе-жек түріне жете мән бере бермейтінімізді ұғындық. Төрешінің ысқырығы шар еткенде, екі жақтан белуарына дейін жалаңаштанған қос балуан аттарын шықпырта қамшылап, жұлқынып ортаға шықты. Іле-шала қамшыларын көлденең тістей салып, бір-біріне тұра ұмтылады. Қайшыласа ұстасып, шірене тартысып тұрғанда атан түйедей аттары дәрменсізденіп, шырқ үйіріле айналғанын жанкүйер атаулы көз ілместен тамашалады. Аттың құлағында ойнаған, кеудесінде намыс оты қайнаған, қиындықтан беті қайтпаған, алдында арыстан тұрса да алған бетінен бұрылмас батыр жүректі жігіттер Эльдар Михатов, Орынбасар Махамбетов, Арданат Собировтер ешкімге есе жібермеді.

Бөрліліктер ұйымдастырған фестиваль жеңімпаздарын аудан әкімнің орынбасары Дулат Имашев алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген адам болашаққа жауапкершілікпен қарап, еліміздің елдігі үшін аянбай қызмет ететін азамат болып өсерін жеткізді.

Қазақ халқы өз ұлттық құндылықтарымен өзге ұлттардан өзгешеленіп тұр. Баға жетпес осындай құндылығы бар біздің еліміздің бақытты екеніне Бөрлідегі фестиваль куә болғаны сөзсіз.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары