«ҚТЖ-Жүк тасымалы» бөгде адамдарға 10 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған
742 адамға сыйақы мен төлемдер заңсыз төленген
Көлік прокурорлары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің филиалдарында қаржыландыруға жатпайтын 742 адамға 10 млн теңгеден астам сомаға сыйақылар мен төлемдерді заңсыз есептеу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай мәлімдеді.
Оның айтуынша кәсіпорынның Ақмола филиалы өмірден жеті жыл бұрын өткен зейнеткер атына ақшалай қаражат аударып отырған.
«Бұдан бөлек, Қарағандыда кадр бөлімінің басшысы ата-анасын теміржолшы зейнеткері ретінде заңсыз тізімге қосып, оларға бес жыл бойы 1 млн теңгеден астам сомаға жеңілдіктер, өтемақы төлемдері мен сыйлықақыларды беріп отырған», - деп атап өтті ол.
Қазіргі кезде заңсыз төлемдерді қайтару бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар аудиторлық тексерулер тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.