Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ-ға қарасты компанияларға халықтық IPO өткізу жөнінде тапсырма берді
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Қордың жоспарларын баяндады
Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Мемлекет басшысына Қордың биылғы 8 айда атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша күтілетін нәтижелерін таныстырды. Қорға қарасты компаниялар тобының маңызды жобаларын жүзеге асыру барысы жөнінде мәлімет берді.
«Жыл соңына дейін алты ірі жобаны, атап айтқанда Астрахан – Маңғышлақ су құбырын реконструкциялау; «Сарша» және «Жылы жағажай» елді мекендеріне газ құбырын тарту; Бейнеу – Жаңаөзен газ құбырының 2-ші желісін және Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырының лупингін салу; Бірінші ГРЭС-тің 1-ші блогын қалпына келтіру; Еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қарасты батыс аймағындағы электр желілерін күшейту жобаларын аяқтау жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына Қор активтерін жекешелендіру жоспарының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорына қарасты бейінді емес активтерді жекешелендіру және компанияларға халықтық IPO өткізу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.