$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Батыстың үздік келіні белгілі болды

Байқауға 13 келін қатысты

Батыстың үздік келіні белгілі болды

Орал қаласында   «Жас келін – 2023»  аймақтық келіндер байқауы ұйымдастырылды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен аймақтық байқауға Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан және өңірдің аудандарынан 13 келін қатысты. Екі күнге созылған байқау нәтижесінде  жәнібектік Бағдагүл Қарабасова барлық сыннан сүрінбей өтіп, бас жүлдені жеңіп алды.

Жас келіндердің ұлттық ұстанымдарын арттыру,  нәзік жандардың  қоғам алдындағы рөлін көтеру, абысынды-келіндердің татулығын нығайтуды көздеген байқаудың «Ағайын Холл» мейрамханасында өткен «Бармағынан бал тамған» бөлімінде жас келіндер ұмытылып бара жатқан қарын бүрме, өрме төс, сүмесүт секілді ұлттық тағамдарды дайындап қана қоймай, жасалу жолдарымен таныстырды. Мәселен, байқауға қатысушы Мөлдір Ізғалиева өкпесүт тағамын дайындапты. Өкпені кеңірдегінен сүт құйып, сүтке пісіреді екен. Айтуынша, ренжісіп жүрген ағайын-туманы татуластыру үшін ежелде ата-бабамыз осындай тағам түрін дайындаған екен.

Ал «Атамекен» өнер ордасында өткен «Отбасы –  бақыт мекені» сырласу-сұхбат үстелінде өңірге танымал тұлғалар –   Тұяқбай Рысбеков, Ғайсағали Сейтақ, Жаскелең Ғайсағалиев, Қуаныш Қисметов сынды ағаларымыз жұбайларымен бірге келіп,  жас келіндерге өнеге-өсиет айтып, отбасы құндылықтары туралы ойларын ортаға салды.  Байқаудың ерекшелігі де осында еді. Жас келіндер байқауда бақ сынап қана қоймай, отбасылық өмірде күміс той, алтын тойларын тойлап, гауһар тойға қадам басқан жұбайлардың әңгімесін тыңдап, белгілі ақын-жазушы Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» қойылымын тамашалады. Байқаудың негізгі кезеңі Жастар мәдениет үйінде «Қайынжұртым – қадірім»  бөлімімен  жалғасып,  келіндер өз отбасын кеңінен таныстырып, бір күндік келіндік өмірлерін көпшілікке бейнебаян арқылы ұсынды. Қалада өсіп-өнгенімен, ауылдың тірлігіне пысық келіндер  сиыр сауып, құрт жасап, ошаққа бауырсақ пісіріп, ата-енесіне шай құйып, нағыз қазақтың келінінің бейнесін көрсете білді.  

«Анамның тәрбиесі» бөлімінде жас келіндер ситуациялық сұрақтарға жауап берсе, енді бір сәтте бойдағы бар өнерлерін ортаға салып, ән салып, би билеп, ұлттық киімдермен жасанып,  батыс аймағының қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір екенін дәлелдеді.  

Бұрымдылар арасындағы байқауға  облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Құрманалина, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жазушы-ақын Дариға Мұштанова, «Ағайын холл» мейрамханасының бас аспазшысы Жұмасұлу Шамекейқызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық ҚБ БҚО филиалының төрайымы, дәстүрлі әнші Күләш Қуанышқалиева, «Мария ханым» сән салонының басшысы Жұлдыз Құспанова әділ қазылық етті.

Қазылар алқасының төрайымы Шалқыма Құрманалина ене мен келіннің арасындағы шынайы қарым-қатынасты көріп, қуанғанын жасырмады.

 –  Енесі қолдап тұрса, келін дұрыс болады. Байқау барысында жас келіндердің жан-жақтылығын, тәрбиесін көрдік. Ұлттық дәстүрді сақтап қана қоймай, оны насихаттай білетінін байқадық.  Өңірімізде жан-жақты, білімді, мәдениетті, ісмер, аспаз, ақылына көркі сай келіндер көп екенін бағамдадық, – дейді Шалқыма Хайроллақызы.

Қазақ келініне тән әдеп-ибасымен көзге түскен маңғыстаулық келін  Бақтыгүл Нұрланова байқау шарттары қиынға түспегенін айтады.  Адай еліне келін болғанына үш жыл болған ол  байқауға енесі мен қайынапаларын ерте келген.  

  – «Бармағынан бал тамған» бөлімінде өрметұс, үлпершек, сүмесүт дайындадым. Түйе сауамын. Бұндай байқаулардың ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпауға ықпалы зор. Жаңаөзенде келіндер байқауына қатысып, ибалы келін атандым. «Ене мен келін» байқауында бірінші орын иелендім, – дейді маңғыстаулық келін.

Ал оралдық жас келін Кенжегүл Қуанаева: – Ерте жастан бастап анам қолынан келгенше бәрін үйретті. Келін атанғаннан кейін енем де білмегінімді толықтырды. Енді осы байқауға қатысқаным үшін оларға алғыс айтып, басқа жас келіндерге өз тәжірибеммен бөліссем деймін, – дейді.

Байқауды ұйымдастыруға ұйытқы болған БҚО халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, ұмытылып бара жатқан дүниелерімізді қайта  жаңғырту мақсатында мұндай байқауларды жиі өткізген жөн.

– Келіндердің шеберлігі, сөз саптауы, өнері, ас дайындау шеберлігі көңілімнен шықты. Маңғыстаулық сайысқа қатысушы әдемі көрініс көрсетіп жатыр. Жалпы келіндерге ұлағат. Маңғыстаулық келіндер оралдықтарға ұмытылып бара жатқан тағамдарды үйретсе, оралдық келіндер ақтөбелік келіндерге білген-түйгенін үйретіп отырса, соның өзі жақсы дүние деп есептеймін, – дейді ол.

Тәрбиелік мәні зор байқау нәтижесінде  жәнібектік Бағдагүл Қарабасова бас жүлдеге лайық деп танылды. Бірінші орын теректілік келін Мөлдір Ізғалиеваға,  екінші орын ақтөбелік Хұсни Ғабсаттарға, үшінші орын  бөкейлік Гүлзада Жауылбаеваға бұйырды.  Жеңімпаздар арнайы  дипломдармен, бағалы  сыйлықтармен марапатталды.  

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары