ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

ШҚО-да коронавирус жұқтырғандар Египетте демалыста болған

Олар Қазақстанға «Шарм-Эль-Шейх – Нұрсұлтан» рейсімен оралған

Фото: ria.ru

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram парақшасында өңірдегі коронавирус жағдайы туралы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Құрметті Шығыс Қазақстан тұрғындары! Бүгін облысымызда, атап айтқанда, Семей қаласында коронавирус дертінің алғашқы 2 жағдайы расталды. Отбасылық жұп 1959 жылы дүниеге келген. Олар 2020 жылдың 21 наурызында елімізге «Шарм-Эль-Шейх – Нұрсұлтан» рейсімен оралған. Египетте демалыста болған. Семей қаласына өз көлігімен жеткен», - деп жазған әкім.

Оның айтуынша, ерлі-зайыптылармен бірге отбасы мүшелері, яғни, тағы 5 адам болған.

«2020 жылғы 28 наурызда жүргізілген COVID-19 талдауы төрт адамда теріс нәтиже көрсетті. Бір талдау қазіргі уақытта зерттеу барысында. Сонымен қатар, олармен байланыста болған тағы бір адам анықталды. Оның да анализі тексеруге алынды. Қазіргі таңда төртеуі провизорлық стационарға оқшауланған, қалған төртеуі карантиндік стационарда дәрігерлердің бақылауында», - деді ол. 

Әкімнің айтуынша, науқастардың жағдайы тұрақты ауырлығы орташа деңгейде. 

«Алғашқы шағымдары дене қызуы мен сирек жөтел болған. Жедел медициналық көмек бригадасы шұғыл әрекет етіп, алгоритмге сәйкес арнайы капсулаларда оларды стационарға жеткізді. Қазіргі уақытта бұл адамдар тұратын орындарға дезинфекция жұмыстары жүргізілуде», - деді Даниал Ахметов.

Ол шығысқазақстандықтарға жағдай барлық жауапты қызметтің бақылауында екенін ескертті.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарың саны 204-ке жетті.