Ғалымжан Елеуов Мәжілістегі өкілеттігін ресми түрде тоқтатты
Ол өкілеттігін тоқтатуға өзі өтініш берген

Мәжіліс депутаттары бірінші жалпы отырыста депутат Ғалымжан Елеуовтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Алмасбекұлы Елеуов міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға Конституцияның 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Мәжіліс депутаты Ғ Елеуовтің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Жалпы отырыста палата депутаттары аталған ұсынымға дауыс беріп, Ғалымжан Елеуовтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.
Осылайша, Ғалымжан Елеуов ресми түрде Мәжіліс депутаты қызметінен кетті.
Айта кетсек, Ғалымжан Алмасбекұлы Елеуов 1 978 жылы 10 қазанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
Медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. 17 ғылыми еңбегі Қазақстан, Ресей, Украина және еуропа елдерінің жинақтарында жарияланған. ҚР 28.11.2017 ж. «Бариатриялық шунттаушы операциялардан кейін өт рефлюксін диагностикалау тәсілі», РФ 11.10.2018 ж. «Асқазанды лапароскопиялық бариатриялық шунттау тәсілі» атты екі патенттің иегері.