Үндістанның солтүстігінде су тасқынынан 100-ден астам адам қаза тапты
Елдің кей өңірінде қатты жаңбыр әлі жауып жатыр
Үндістанның солтүстігінде жаңбыр салдарынан болған су тасқыны мен лай көшкінінің салдарынан 100-ден астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
India Today телеарнасының хабарлауынша, нөсер жауын елдің солтүстік-шығыс аймақтарында 8 шілдеде басталған. Оған екі фактор – муссондық жаңбыр мен Жерорта теңізі аймағынан ылғалды ауа массаларының ағыны әсер еткен. Нөсер жауын ел астанасы Дели аумағында, Химачал-Прадеш, Уттаракханд, Пенджаб, Харьяна, Раджастхан штаттарында, Джамму мен Кашмир одақтық территориясында болды. Сәрсенбі күні де Уттаракхандта қатты жаңбыр әлі жауып жатыр.
«Ең көп зардап шеккен – Гималай тауларының етегінде орналасқан Гимачал-Прадеш штаты. Мұнда лай көшкіні көптеп байқалған, көптеген елдімекен су астында қалды. Солтүстік штаттардың таулы аймақтарында жолдар жабылып, су басу салдарынан көлік қозғалысы тоқтатылды, соның салдарынан 300-ге жуық турист әлі таулы жерлерде бөгеліп тұр. Төтенше жағдай салдарынан штатта барлығы 80-ге жуық адам қаза тапты. Жаңбыр тоқтағанымен, құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада
Толассыз жауған жаңбыр сейсенбі күні Делидегі Ямуна өзеніндегі су деңгейі қауіпті шегінен асып, соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Дегенмен, қала айтарлықтай қираған жоқ. Жексенбі күні Нью-Делиде тәуліктік жауын-шашын мөлшері 153 мм-ге жетіп, соңғы 40 жылдағы ең жоғары көрсеткішті тіркеді. Делидегі жаңбыр салдарынан болған әр түрлі оқиғаларда бес адам қаза болды.