Жетісу облысында ауыл тұрғындарына 12 млн теңге залал келтірген алаяқ ұсталды
Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды

Жетісу облысында 12 миллион теңге залал келтірген алаяқ ұсталды. Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, аталған факт Кербұлақ ауданында тіркелді.
Шілде айының басында 34 жастағы жергілікті тұрғын ірі алаяқтық туралы полицияға арызданды. Жәбірленуші әйел Грузиядан көлік әкелемін деп уәде беріп, сенімге кіріп, 2 миллион теңгені иемденіп алған таныс ер адамға шара қолдануды талап еткен.
Аудандық полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтады. Ол Алматы облысының 35 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Арнайы тексеру кезінде белгілі болғандай, ер адам бұрын да бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін жауапқа тартылған. Қазіргі уақытта күдіктінің тағы бірнеше құрбаны анықталды. Ауыл тұрғындарына келтірілген шығын бүгінгі күні 12 миллион теңгені құрады. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.