Астанада нәжіс иісіне тұншыққан тұрғындар шу шығарды

Azattyq Rýhy

Құрылыс компаниясы нәжісті арнайы септикке жинап келген

Астанада нәжіс иісіне тұншыққан тұрғындар шу шығарды
Фото ашық дереккөзден

«Комфорт санаты» деп мақтауын асырып берген үйлерінде кәрізден бастап проблема! Астанада нәжістің иісіне тұншыққан тұрғындар осылай шу көтерді. Лас судың орталық жүйеге емес, септикке жиналатынын тұрғындар бір жылдан кейін ғана біліп отыр. Оның себебі де бар. Ал 600 пәтерден аққан нәжіс септикті тез толтырып, иісі тіпті тұтас көшеге жайылатын болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

«Prime Garden» тұрғын үй кешеніне пайдалануға берілген күннен маусымның аяғына дейін сервистік қызметті құрылыс компаниясы көрсетіпті. Ал шілденің бірінен бастап, жергілікті меншік иелерінің бірлестігіне өткен. Былықтың беті сол кезде ашылды. Сөйтсе, «комфорт санаты» деген мақтаулы кешен орталық кәріз жүйесіне шала-шарпы қосылыпты. Дәлірек айтқанда, құбыры 600 пәтердің қалдығына арналмаған. Сондықтан, құрылыс компаниясы нәжісті арнайы септикке жинап келген. Ал онысы тез толып, лас су маңайдағы үйдің жертөлелеріне ағып жатыр.

«Ғаламат құрылыс компаниясының өзінің КСК-сы осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұрды. Сондықтан біз көп нәрсені білмедік. Енді өз қолымызға алған кезде бүкіл келеңсіздіктер шығып жатыр. Келісімшарт бойынша бәрін олар бізге тап-тұйнақтай қылып өткізу керек болатын. Бізді әбден тығырыққа тіреп тұр. Өзі президент паркінің дәл жанында, басқа жақта болса, жарайды дейсің», - дейді Астана қаласының тұрғыны Анар Рахметоллақызы.

Бас көтерген бұқара кәріз жүйесі дұрыс істемегендіктен қолқаны қабатын жағымсыз иіс маңайды жайлап, тіпті үйдің өзінде тыныс алу мүмкін болмай тұрғанын айтады.

Ал құрылыс компаниясы нысан орталық кәріз жүйесіне қосылғанын алға тартады. Тек қалалық кәріздің қуаты жеткіліксіз болғандықтан, кәріз сорғы станциясы орнатуға тура келіпті. Жаңа кәріз коллекторы іске қосылса, мәселе түпкілікті шешіледі деген жауап алдық.

 «Бүгінгі таңда меншік иелерінің бірлестігімен үшжақты қызмет көрсету шартын жасау бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл сұрақ екі үйге де қатысты. Өйткені, олардың екеуі де бір кәріз сорғы станциясы арқылы өтеді. Жыл соңына дейін қалалық жауапты бөлім Керей мен Жәнібек хандар көшесінің бойында диаметрі 800 мм коллектор құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Содан кейін қысым желілерін өз есебімізден ауыстырамыз. Түбі бұл мәселе толық шешіледі», - дейді құрылыс компаниясының басшысы Алмас Ғалимарданов.

Құдықтардың тез бітеліп қалуына тұрғындардың да кінәсі бар дейді құрылыс компаниясындағылар. Себебі пәтер иелері жеке бас заттарынан бастап, құрылыс қалдықтарына дейін лақтырады, ал тұрмыстық канализация оған арналмағанын ескертеді. Тараптар келісімге келсе, құрылыс компаниясы кәріз желісіне қатысты сервистік қызметті қайта қолға алып, бітеле сала тазалап отырмақшы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.