Жамбыл облысында 30 жыл ауыз сусыз отырған ауылға су тартылып жатыр – «AMANAT»
Мәжіліс депутаты Қызтоған ауылындағы ауыз су тарту жұмысымен танысты
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты Мұқаш Ескендіров Жамбыл облысында болып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін назарға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халық қалаулысы Жуалы ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне ат басын бұрып, 34 үй, 144 тұрғыны бар Қызтоған ауылына ауыз су тарту жұмысымен танысты. Аталған ауылға 30 жылдан астам уақыттан бері таза ауыз су тартылмай келген еді. Осы мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, қазіргі уақытта су тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 36 миллион 505 мың теңге қаражат бөлінді.
Мәжілісмен халықтың әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін өзекті мәселеге баса назар аударып, құрылыс жұмысын сапалы әрі уақтылы жүргізу қажет екенін жеткізді.
«Өңірдегі бірнеше нысанды аралап, жағдайы білдім. Әсіресе, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының жергілікті жерде сапалы жүзеге асырылуына ерекше назар аудардым. Мәселен, облыс орталығынан шалғай орналасқан Қызтоған ауылына ауыз су жүйесін тарту жұмысымен таныстым. Әрине, ауылға тіршілік нәрінің тартылғаны жақсы-ақ. Алайда, оның қалай тартылып жатқанына баса мән беруіміз қажет. Себебі, атқарылған жұмыстың шапағаты мен машақатын көретін – халық. Сол үшін ең алдымен сапаға баса мән беру керек», – деді Мұқаш Ескендіров.
Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыс жұмыстарын аманаттықтар әрдайым өз бақылауында ұстап келеді. Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес апта сайын тұрақты мониторинг жүргізеді.
«Қызтоған – шалғайда орналасқан елді мекен болғанымен, болашағы бар ауыл саналады. Мұнда мал басы да, жайылым да жеткілікті. Кейінгі бір айдың өзінде үш бірдей отбасы көшіп келді. Өткен айда басталған ауыз су тарту жұмысы қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Сол кезде ауылға көшіп келушілердің саны да арта түсетін еді. Осы орайда, ауыл тұрғындарының өмір сапасына көңіл бөліп отырған «AMANAT» партиясына алғысымды айтамын. Бұл бастама ең алдымен халыққа қажет», – деді Қошқарата ауылдық округінің әкімі Мейіржан Телеушов.
Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында биыл Жуалы ауданына қарасты Әбдіқадыр, Тасбастау, Кәрікорған, Жаңаталап, Ақтоған елді мекендеріне ауыз су тартылады. Жалпы, партияның өңірлік бағдарламасы аясында облыс аумағында 2025 жылға дейін 69 елді мекенді орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, халық саны 200 адамнан аспайтын 24 ауылдық елді мекенде суды тазартуға арналған кешенді блок-модульдер орнатылады.