«Депутаттардың атына 7 мыңға жуық хат келді»: Қошанов депутаттардың жұмысы жайлы
Парламент депутаттары 306 депутаттық сауал жолдаған
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Парламент сессияның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қоғамдағы өзекті мәселелер депутаттық сауалдар арқылы да көтеріліп келеді. Қос палата депутаттары мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады. Оның әрқайсысында елдегі түйткілді жайттар қозғалды. Әр өңірдің, әр адамның, әр отбасының тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар депутаттардың атына тұрақты түрде азаматтардан өтініштер келіп түсуде. Осы сессияның өзінде халық қалаулыларының атына шамамен 7 мыңға жуық хат келді», - деді ол.
Ол бір өзінің атына жүздеген хат келген депутаттар да бар екенін айтты.
«Сондай-ақ депутаттар осы сессияда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық қабылдауда 800-ден астам адаммен жүздесіп, бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапты. Парламент жанынан құрылған диалог алаңдары да жемісті жұмыс атқаруда. Енді халықты толғандыратын барлық заң жобалары Қоғамдық палата отырыстарында тәуелсіз сарапшылармен, жұртшылық өкілдерімен алдын ала талқыланып, «нөлдік» оқылымнан өтеді.«Жас сарапшылар клубы» мен «Талдау мектебі» жас мамандарға заң шығару процесіне араласуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Ұлттық мүдде» жобасы парламентарийлерді, зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығын біріктіретін алаңға айналды», - деді ол.
Қошанов атағандай, Парламент қабырғасында Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы мақсаттардың іске асырылуы жөніндегі парламенттік комиссия құрылды.