Ақмола облысында қола дәуірінде жерленген адамның сүйектері табылды

Azattyq Rýhy

Сүйек қалдықтарының мойын бөлігінде 20-дан астам пасталы моншақтары табылды

Ақмола облысында қола дәуірінде жерленген адамның сүйектері табылды
Фото: арихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы

Ақмола облысында «Қазыналы қазба - ұлт құндылығы» жобасы аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде Қола дәуірінде жерленген адамның сүйектері мен әшекей бұйымдары табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы мамандарының айтуынша, Қызылұйым ауылы маңындағы қорғанды қазу барысында, оңтүстік сектордағы сұр дақты ашу кезінде 1,7х0.65 м адамның жерленгені анықталды. Адам сүйегі оң жағымен, басы солтүстік-батысқа қарай қаратып, қол-аяғы бүгілген күйде орналасқан.

«Нашар сақталған остеологиялық қалдықтар табылды, оның ішінде бас сүйектің бөліктері, білек сүйектері, аяқтың тірсек сүйектері, аздап жамбас сүйектері жарым-жартылай сақталған. Сүйек қалдықтарының мойын бөлігінде 20-дан астам пасталы моншақтары (алқа) табылды. Жерлеу ерекшеліктеріне сүйене отырып, уақыт кезеңі қола дәуіріне жатады деп болжауға болады (б.з.д. алғашқы 1-2 мың жылдық). Бұл нұсқаның толық расталуы қорғанды толық зерттеп, табылған жәдігерлерге тиісті талдау жүргізгеннен кейін белгілі болады», - деп түсіндірді орталық мамандары.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.