ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 820 адам коронавирус жұқтырған

Карантин: Нұр-Сұлтан мен Алматыға кіруге кімдерге рұқсат берілетіні белгілі болды

Бұл туралы Үкіметтің сайтында жарияланды

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан мен Алматыға 19 наурыздан бастап кімдер кіре алатыны айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы Үкімет сайтында жарияланды.

19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап енгізілетін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының аумағына адамдардың кіруін/шығуын шектеу келесі санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды: 

бұған дейін қаладан шығып кеткен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары қалаға оралған жағдайда; 

бұған дейін қалаға кірген басқа өңірлердің тұрғындары қаладан шығатын болса; 

бұған дейін шетелдерге шығып кеткен ҚР азаматтары (олар Қазақстан Республикасына оралған жағдайда);

бұған дейін елден шығу үшін ҚР аумағына кірген және елден шығып кету мақсатында әуе көлігімен шығатын шетелдіктерге; 

шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар), Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға;

бұған дейін шетел мемлекетінің аумағына шығып кеткен ҚР азаматтары Қазақстан Республикасына оралған жағдайда;

емделу үшін шетелге шығатын ҚР азаматтарына, олардың денсаулық сақтау мекемелерінің растаушы құжаттары болған жағдайда;

елдің және шетел мемлекеттерінің дипломатиялық қызметінің персоналы және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстанға ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша бағыт алған шетел мемлекеттерінің және халықаралық ұйымдардың делегация мүшелеріне;

пойыз және локоматив бригадаларының мүшелеріне, сондай-ақ теміржол тасымалы процесіне қатысатын тұлғаларға, әуе, теңіз көліктерінің экипажына, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүк автокөлігі құралдарының жүргізушілеріне; 

Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасы мүшелері болып саналатын шетелдіктерге (туыстық байланыс фактісі - ері (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары екені расталған жағдайда); 

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмыс істейтін, қала маңы аумақтарында тұратын тұрғындарға;

әуе және темір жол транзиті қатынасымен жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына; 

басқа да ерекше жағдайларда, мұндай жағдайлар COVID-19-бен күресу жөніндегі қалалық штабтарда дербес тәртіпте қаралады. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырған 33 адам тіркелді.