Биыл Шымкентте 19 мыңнан астам бала спорттық үйірмелермен қамтамасыз етілді - М. Әйтенов
Биыл бұл салаға бөлінген бюджет ұлғайған
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спорт және шығармашылық секциялары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Былтыр қаражат жетпеді. Жоспарланған қаражаттан тыс шығып кетті. Көп кәсіпкер осымен айналысты. Бірақ жылдың соңына дейін біз қарыздың барлығын жаптық. Жастардың спортпен айналысып, бос уақытында спортпен айналысса деген мақсатымыз болды. Биыл оның көлемін 5,7 млрд теңге бөлуді қарастырдық. Былтыр оның көлемі 800 млн теңге болатын. Биыл бұл жағдай қайталанбайды деп ойлаймын», - деді ол.
Мұрат Әйтенов қалада спорт инфрақұрылымы дамып жатқанын айтты.
«Өздеріңізге белгілі, бұқаралық спортты дамыту мақсатында, осыдан 3 жыл бұрын республикада алғаш болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны бастаған болатынбыз. Жыл сайын оқушылардың қызығушылығы артып, лига ауқымы артуда. Биыл 151 мектептен 500-ден астам командалар жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Қаламызда спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» құрылысы (демеуші есебінен), «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.Биыл спорттық үйірмелермен жан басына шаққанда қаржыландыру арқылы 19 мыңнан астам бала қамтамасыз етілді», - деді әкім.