$ 529.65  544.64  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті

Қоштасу рәсіміне ҚР Үкімет басшысы қатысты

Алматыда Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті
t.me/KZgovernment

Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті. Қоштасу рәсіміне ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов және Үкімет мүшелері, бірқатар облыс әкімдері, Парламент депутаттары, мәдениет, спорт және басқа да салалардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды.

«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамын. Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», — делінген Мемлекет басшысының көңіл айту хатында.

Өз кезегінде Премьер-министр Үкімет мүшелері және өзінің атынан көңіл айтты.

«Бердібек Машбекұлы өзінің еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қай қызметте болсын, халық мүддесіне бар күш-жігерін жұмсап еңбек етті. Бердібек Машбекұлының ерен еңбегі мен жарқын бейнесі  халық есінде мәңгі сақталады», — деді Әлихан Смайылов.

Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Кеңсай зиратына жерленеді.

Серіктес жаңалықтары