Халық қалаулысы баспанасыз қалған көпбалалы анаға көмек көрсетті

Azattyq Rýhy

Ол бұған дейін де мұқтаж отбасыларға 12 баспана алып берген

Халық қалаулысы баспанасыз қалған көпбалалы анаға көмек көрсетті

Қиналғанға демеу, жабыққанға медеу болу – адамгершіліктің айнасы. Әсіресе өмірдің қиын жағдайына тап болған жандардың жанынан табылып, қолдан келгенше көмек көрсету – игілікті іс. Күні кеше Ақмола облыстық мәслихатындағы «AMANAT» фракциясының депутаты Руслан Шамкенов «Бақытты отбасы» жобасы аясында баспанасынан айырылған көпбалалы анаға қол ұшын созып, көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

Қоянды ауылының тұрғыны Айгүл Оспанова отағасынан айрылып, қара жамылып отырған уақытында шаңырағы отқа оранып, қайғысына қайғы қосылады. Амалы құрыған әйел әлеуметтік желіде көпке үндеу тастап, халықтан көмек сұрайды.

Белгілі болғандай, бұған дейін отбасы үй жанынан жаңа баспананың құрылысын бастаған. Алайда күйеуі қайтыс болған соң, шиеттей бала-шағамен жалғыз қалған көпбалалы ананың құрылысты аяқтауға шамасы келме»ді. Осы оқиғадан құлағдар болған халық қалаулысы «Gentlemеns Club» қайырымдылық қорын бастап келіп, 3  млн теңге сомасында көмек көрсетті. Яғни, 2 млн 700 мың теңгеге құрылыс заттарын жеткізіп берсе, қалған 300 мың теңгені отбасының керек-жарағына деп жеке табыс етті.

«Біздің қайырымдылық қоры үшін ең басты өлшем – мұқтаж отбасында кем дегенде бес бала болуы керек. Ондай отбасыларға ай сайын көмек көрсетуге тырысамыз. Қор қаражатына азық-түліктен бастап, баспана алып беруге дейін көмек көрсетіледі», – деді депутат.

Бұл – қасына өзіндей кәсіпкер, атымтай жомарт азаматтарды топтастыра білген халық қалаулысының жалғыз жақсылығы емес. Ол бұған дейін де мұқтаж отбасыларға 12 баспана алып берген еді. Бұған қоса, өзінің сайлау округінің тұрғындарына тосын сый жасап, Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылының «Сарыарқа» көшесіндегі аллеяға балаларға арналған ойын алаңын орнатып берді. Онда заманауи әткеншек те, сырғанақ та, карусель де, футбол алаңы да бар. Ең бастысы, балақайлар дән риза.

«Балаларға осындай ойын алаңынан орнатып беру көптен бері көкейімде жүрген мақсат еді. Ақыры жазғы демалыс басталар алдында сол мақсатыма жеттім. Елорда іргесіндегі елдімекенде балалар саны күн санап көбейіп келеді. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны. «Қуантсаң баланы қуант дейді» халқымыз. Бәрі де балалар үшін», – дейді халық қалаулысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.