Ақтөбеде қала күніне орай «АРТ FEST» фестивалі өтті
Қылқалам шеберлерінің фестиваліне 200-ге жуық адам қатысты
Мәдени-әдеби алаңға айналған «Абай» гүлзарында «Ақтөбе – менің мақтанышым» тақырыбында қылқалам шеберлерінің фестивалі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған қала әкімі Мұрат Жөребеков, мәслихат хатшысы Анар Даржанова, депутаттар, қоғам белсенділері қатысты.
Фестивальге қала бойынша 150 оқушы, 15 кәсіби суретші, 20 студент қатысып, Ақтөбенің көркем келбетін кескіндеді. Қолөнершілерден құралған топ панно тоқып, Ақтөбенің эмблемасын таңбалады.
Бұдан соң, қалада өткен «Ақтөбе қаласының абаттандырылған ең үздік ауданы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Жеңімпаздар қатарында Балауса, Есет батыр тұрғын алаптарының, Батыс-2 шағын ауданының, қаланың орталық бөлігінің кондоминимум басшылары, кәсіпкерлер, мектеп, колледждер, қала тұрғындары және т.б. бар.
5 номинация бойынша 15 жеңімпазға сыйлықтар табысталды: «Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік ауласы», «Аумағы абаттандырылған ең үздік кәсіпорын мен ұйым», «Үздік аула сыпырушы», «Үздік безендірілген және абаттандырылған жеке үй». Айта кетсек, байқау қала әкімінің «Ақтөбе қаласының үздік абаттандырылған ауданы конкурсын өткізу туралы» қаулысы аясында өткізілді. Мұндағы басты мақсат - қоғам назарын тазалықты сақтауға көңіл аударуға, қаламызды көркейту мен абаттандыруға шақыру.