Алматыда жалақыны уақтылы бермеген 82 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Azattyq Rýhy

177 кәсіпорында 116,4 млн теңге сомасына жалақы бойынша берешек өтелді

Алматыда жалақыны уақтылы бермеген 82 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Фото ашық дереккөзден

Алматыда қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін 112 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы Еркінбек Әмірғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Басқарма жыл басынан бері 230 жоспардан тыс тексеру жүргізді, тексеріс барысында еңбек заңнамасы нормаларының 294 заңбұзушылығы анықталып, оларды жою туралы 159 ұйғарым берілді.

«20,4 млн теңге сомасына 112 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалақыны уақтылы төлемегені үшін 13,3 млн теңге сомасына 82 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді спикер.

Еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру үшін қала кәсіпорындарында 1 716 адамның қатысуымен 82 кездесу өткізілді. 451 азаматқа еңбек заңнамасының нормалары бойынша түсініктеме берілді.

177 кәсіпорында 116,4 млн теңге сомасына жалақы бойынша берешек өтелді, осылайша 764 қызметкердің еңбек құқықы қорғалды.

«Қала кәсіпорындарында жасалған 27 551 ұжымдық шарттың (2023 жылдың басынан бастап 100 КД) мониторингі мен тіркеуі жүзеге асырылды», - деп толықтырды спикер.

Қала кәсіпорындарында өндіріске байланысты 30 жазатайым оқиға анықталып, тіркелді. Зардап шеккендердің саны - 31, оның ішінде 4 адам өлім құшты, 9 адам ауыр жарақат алды , ал 18 адам жеңіл жарақат алған.

Бас еңбек инспекторының деректері бойынша Алматыда жұмыс істеп тұрған 113 916 кәсіпорын бар, жалдамалы қызметкерлер саны - 897 925 адам.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.