Көлік жүргізушілері ақылы жолға өткен кезде SMS-хабарлама алады
Хабарламада төлем әдістері туралы сілтеме де қарастырылған
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы жолдардағы SMS-хабарлама қызметін іске қосты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Ақылы жол пайдаланушыларын уақтылы хабардар ету үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы SMS-хабарлама қызметінің пилоттық жобасын іске қосты.
«Ақылы жолға алғаш өткен кезде автокөлік иесі SMS-хабарлама алады. Хабарламада төлем әдістері туралы сілтеме де қарастырылған. SMS-хабарлама ашық жүйе іске қосылған жеті ақылы жолдан өткен кезде келеді», - делінген ұлттық оператор хабарламасында.
Жаңа қызмет:
- Астана – Павлодар;
- Шымкент – Қызылорда;
- Шымкент – Ташкент;
- Шымкент – Тараз;
- Тараз – Қайнар;
- Қонаев – Талдықорған;
- Щучинск – Көкшетау күрежолдарында көрсетіледі.
Шлагбаумдар қарастырылған учаскелерден өткен кезде (Астана – Щучинск, Астана – Теміртау, Алматы – Қонаев, Алматы – Қорғас) SMS-хабарлама келмейді.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде жалпы ұзындығы 2,200 шақырымды құрайтын 11 ақылы жол бар.