Бүгін - Дүниежүзілік мейіргерлер күні

Azattyq Rýhy

Науқастарға барлық қамқорлықтың 80%-ын орта медицина қызметкерлері атқарады

Бүгін - Дүниежүзілік мейіргерлер күні

Жыл сайын 12 мамырда Флоренс Найтингейл ұсынған Халықаралық мейіргер күні атап өтіледі. Бүгінде бұл кәсіптік мереке 50-ден астам елде, оның ішінде Қазақстанда да атап өтіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

Науқастарға барлық қамқорлықтың 80%-ын орта медицина қызметкерлері атқарады. Бүгінде Қазақстанның медициналық ұйымдарында 188 мыңнан астам, ауылда 54 мыңнан астам, бастапқы буын деңгейінде  65 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

«Сонымен қатар, болашақ орта медицина қызметкерлерін даярлаумен 91 медициналық колледж айналысады, оның 24-і мемлекеттік және 67-сі мемлекеттік емес, 37-сі «жоғары» медициналық колледж мәртебесіне ие. 2022 жылдың деректері бойынша колледждерде 103 мыңнан астам студент оқиды, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 23 400 білім алушы оқуға түсті. Қазақстандық колледждер 9 мамандық бойынша: емдеу ісі, акушерлік іс, мейіргер ісі, стоматология, ортопедиялық стоматология, гигиена-эпидемиология, зертханалық диагностика, фармация, медициналық оптика бойынша даярлайды. Қазақстанның барлық өңірлерінде мереке қарсаңында форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізілуде, онда мейіргерлер, акушерлер, фельдшерлер, зертханашылар түрлі тақырыптарда баяндамалар жасай отырып қатысуда, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгілерін, медальдарын, грамоталарын және алғыс хаттарын алады,оның ішінде «Еңбек ардагері» - 15, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» - 30, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»  - 27, «Құрмет грамотасы»- 96 және «Алғыс хат» - 98», - делінген хабарламада.

Шалғай елді мекендердегі ауылдық мейіргерлер жаңа туған нәрестелерді патронаждаудан бастап аға буынға күтім жасауға дейінгі медициналық көмектің барлық спектрін атқарады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.