Тәжікстанда шағын автобус сайға құлап, алты адам қаза тапты
Аман қалған үш адам ауруханаға жеткізілді
Тәжікстанда ең ірі тас жолдардың бірінде шағын автобус 200 метрлік сайға құлап, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Елдің Төтенше жағдайлар комитеті хабарлағандай, қайғылы оқиға Душанбе – Худжанд – Чанак тасжолында болған.
«Жол-көлік оқиғасы 1 мамырда жергілікті уақыт бойынша сағат 04:10-да Айнин ауданы аумағындағы тасжолдың 154-ші шақырымында болды», - делінген ТЖК хабарламасында.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар «Hyundai Starex» автокөлігінің жүргізушісі Айни ауданынан Пенжикент қаласына қарай келе жатып, рөлге ие бола алмай қалып, 200 метрлік жыраға ұшып кеткенін анықтады.
Құтқарушылар альпинистік құралдың көмегімен жүргізуші мен көліктегі бес жолаушының мәйітін шығарды.
Ал аман қалған үш адам – әйел мен екі бала Айни аудандық ауруханасына жеткізілді.