Астанада күтуші қыз зейнеткерді алдап, ақшасын иемденіп кеткен
Полицияға алаяқтық фактісі бойынша 73 жастағы зейнеткер арызданған
Астанада күтуші қыз зейнеткерді алдап, ақшасын иемденіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы» ауданы ПБ полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 22 жасар елорда тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында қыздың егде жастағы әйел адамның үйінде күтуші болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Бірнеше айдың ішінде жәбірленушінің сеніміне кірген қаскүнем, банктің мобильді қосымшасына зейнеткердің атынан кіріп, коммуналдық төлемдерді жүзеге асыру сылтауымен шотта жиналған қаражаттан 2,5 млн теңгеге жуық ақша ұрлаған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ұсталған азаматшаның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.