«Қазақстан – 2050» Стратегиясына «AMANAT» партиясы бағдарламасының негізгі тұстарын қосқан жөн - Тоқаев
Президенттің сөзінше, 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары өзектілігін жоғалтты
Қазір мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар. Тапсырмалардың өзектілігін қайтадан мұқият қарау қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы қағазбастылықтың керек еместігіне баса назар аударды.
«Мен соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескеріп, 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырдым. Бұл ұзақ мерзімге арналған құжат болуға тиіс. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары өзектілігін жоғалтты деп ойлаймын. Сол себепті жаңа құжат әзірлеу қажет. Онда еліміздің орта мерзімге арналған мақсат-міндеттері нақты белгіленуге тиіс. Бұл құжат мемлекетімізді дамытуға қатысты барлық мәселені қамтуы қажет. Сайлау алдындағы бағдарламам да ескерілуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент оған Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен «AMANAT» партиясы бағдарламасының негізгі тұстарын қосқан жөн екенін атап өтті. Сондай-ақ басқа партиялардың орынды ұсыныстарына да баса мән беріледі.