Жетісу облысында 10 мың жасөспірімнің құқығы қорғалды – прокуратура
Балалардың құқығын көбінесе денсаулық сақтау ұйымдары ескермеген
Жетісу облысында он мыңға жуық оқушының құқығы бұзылған. Құқығы бұзылған жасөспірімдердің мәселесімен прокурорлар айналысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім еткендей, кәмелетке толмағандардың құқығын көбінесе денсаулық сақтау ұйымдары ескермеген.
Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін тегін алу, оның ішінде кәмелетке толмағандардың жыл сайынғы скринингтен өтуі заңмен бекітілген. Алайда заңнаманы Жетісу облысының медициналық ұйымдары ескермеген. Денсаулық сақтау басқармасы 6 мыңнан астам кәмелетке толмаған оқушыны міндетті медициналық тексеруден өткізбеген, балалардың денсаулығы қандай жағдайда екенін анықтамаған.
«Прокуратураның ден кою актісінің нәтижелері бойынша барлық кәмелетке толмағандар профилактикалық тексеруден өтті. Жыл басынан бері облыс прокуратурасының шараларымен 10 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды», - деп хабарлады Жетісу облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.