«AMANAT CUP»: Футболдан жеңімпаздар анықталды
Өнер және медиа қызметкерлері арасында ел чемпионаты өтті

Қазақстанның өнерлі азаматтары сахнада ғана емес, футбол алаңында да кездесуде. Мұндай мүмкіндікті «AMANAT CUP» өнер және медиа қызметкерлерінің ел чемпионатын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жексенбіде Алматы қаласында футболдан өнерлі жастар арасында қызықты тартыс өтті. Онда еліміздің ең үздік деген 8 медиа командасы ойнады. «AMANAT» партиясының кубогына арналған теңбіл доптан жарыс алғаш рет өтіп жатқан жоқ.
Партияның «Жастар Рухы» Жастар қанаты тұрақты түрде қолдау көрсетіп жатқан ойын мәдениет саласында жүрген қызметкерлердің демалыс уақыттарын тиімді пайдалануға бағытталған. Жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуді көздейді. Жыл сайын ел чемпионатының ауқымы кеңеюде, дейді Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
«Тұрақты негізде өтетін «AMANAT» партиясының кубогына арналған жарыс еліміздің әр қаласынан жиналған жас өнер саңлақтары мен мәдениет майталмандарын жинауда. Біріншіден, бұл қатысушылар үшін жұмыстан тыс уақытта пайдалы басқосу болса, екіншіден, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Жастардың спортпен шұғылданып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуіне Жастар қанаты жан-жақты үлесін қосуда»,- деп тоқталып кетті Нұржан Жетпісбаев.
Чемпионат нәтижесі бойынша ақшалай сыйлық пен бас жүлдені «LF QURMAN» құрамасы алса, екінші орынды Қостанай облысының «ARQALYQ» командасы жеңіп алды. Ал, үшінші орынды «ZHAMBYL» командасы иеленді.
Бұдан бөлек, 5 номинация бойынша үздік ойыншылар марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» - Мейірбек Жұбатов (LF QURMAN), «Үздік шабуылшы» - Рауль Мақсотов (MADENIET ORAL), «Үздік қорғаушы» - Сұлтан Бақыткириев (ARQALYQ), «Үздік ойыншы» - Елдос Өмірхан (LF QURMAN), ал «Жаңа есім» - Әлиасқар Тағайбеков (ZHAMBYL) болды.
«Биылғы матчтың ерекшелігі – финалдық ойынның Youtube арнамызда тікелей эфирден көрсетілуі. Біз ашықтықты қолдаймыз», - деп атап өтті жарыстың ұйымдастырушысы, тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман.