Қазақстан Әзербайжанмен тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге мүдделі
Екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға артқан

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев шағын құрамда кездесу өткізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың негізгі мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
«Былтыр тамыз айында мен Бакуге сапармен бардым. Бұл сапарым аса нәтижелі болды және екіжақты қатынастарға тың серпін берді. Қазір президенттердің екі ел үкіметіне берген тапсырмаларының орындалу барысын пысықтау қажеттілігі туды. Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер.
Біздің тарапымыздан сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қарым-қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр.
Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев атағандай, екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға ұлғайып, 500 млн долларды құрады.
«Экономикалық әлеуетті пайдалана отырып, тауар айналымды 1 млрд долларға жеткізе аламыз. Қазақстан және Әзербайжан арасында транзиттік-көліктік әлеуетті және логистиканы салу, жаңғырту және әртараптандыру, ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті жоғары», - деді ол.
Еске салсақ, екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын 90-нан астам құжат құрайды.