Ұлттық банк: Елімізде халықаралық аударымдармен байланысты алаяқтық әрекеттер көбейді
Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және ҚР резидент, бейрезидент тұрғындарына ақша аудармайды
Ұлттық Банк SWIFT арқылы клиент төлемдеріне қызмет көрсету процесіне қатыспайды және SWIFT арқылы операция жүргізуге рұқсат бермейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
«Жеке және заңды тұлғалар Ұлттық Банкке шетел валютасымен ақша алуға жәрдем көрсетуді сұрап, өтінішпен жүгініп жатады. Әдетте, мұндай өтініштерге жалған төлем құжаттары (соның ішінде SWIFT форматында) және есепте жоқ шоттар мен ақша аударымдарын растайтын шарттар қоса беріледі. Назар аударуды сұраймыз, Ұлттық Банк орталық банкі саналады және ол Қазақстан Республикасының банк жүйесінде жоғарғы (бірінші) деңгейді білдіреді. Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және ҚР резидент, бейрезидент тұрғындарына ақша аудармайды», - делінген хабарламада.
Ұлттық Банк жекелеген валюталық шарттарға валюта операциялары бойынша деректерді жинау мақсатында ғана есептік нөмірлерді тіркейтінін хабарлайды. Бұл рәсім рұқсат ету, санкция салу немесе мақұлдау қызметін атқармайды.
«Есептік нөмірді Ұлттық Банк реттеуші тарапынан қандай да бір міндеттемесіз береді және оның болуы келісім бойынша ақша түскенін не жөнелтілгенін білдірмейді. Бұл ретте нөмір беру Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін тұлғаларды жауапкершіліктен босатпайды», - делінген хабарламада.