Биыл еліміздегі қонақүйлерге 510 мың ресейлік ат басын тіреген

Azattyq Rýhy

Қазақстан қонақүйлері ресейліктерге 4 есе көп қызмет көрсетті

 

Биыл еліміздегі қонақүйлерге 510 мың ресейлік ат басын тіреген
Фото: tourdom.ru

Биыл Қазақстандағы қонақүйлер ресейліктерге 4 есе көп қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

DataHub сарапшыларының мәліметінше, 2022 жылы еліміздегі қонақүйлерге 509,5 мың ресейлік азамат ат басын тіреген. Яғни, 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,7 есеге немесе 370,5 мың адамға өскен.

«Жалпы, ресейліктер Қазақстанға шетелден келетін келушілердің жалпы ағынының жартысынан көбін құраған. Яғни, қазақстандық қонақүйде тұрған әрбір екінші шетелдіктің Ресей төлқұжаты болған», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, ресейліктерге берілетін тәуліктік төсек саны 3,2 есеге – 244,8 мыңнан 787,8 мыңға дейін өсті.

Олардың әрқайсы қонақүйде орташа есеппен бір жарым күннен артық уақытын өткізген. Салыстыру үшін айта кетсек, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,7 күн болған.

Егер ресейліктерге берілетін төсек-орын санын олардың орташа құнына (11 мың теңге) көбейтетін болсақ, онда ресейліктердің қонақүй бизнесіне әкелген кірісін шамамен есептеп көруге болады. Яғни, бұл көрсеткіш кейбір ақылы қызметті есепке алмағанда 8,7 млрд теңгеге жеткен.

Айта кетсек, бұл айтарлықтай көп сома емес, небәрі қонақүйлер көрсететін қызметтердің жалпы көлемінің 5%-ы ғана.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.