Қостанай облысында әкімдік пен мердігердің текетіресінен халық сусыз қалды

Azattyq Rýhy

Красносельский ауылында су құбырын жаңарту жобасы 2021 жылы қолға алынған

Қостанай облысында әкімдік пен мердігердің текетіресінен халық сусыз қалды
Фото ашық дереккөзден

Әкімдік пен мердігер арасындағы текетірестен қарапайым тұрғындар зардап шегуде. Былтыр Қостанай облысындағы Красносельский ауылының ескі су желісі қайта жаңартылған еді. Алайда әкімдік жұмысты қабылдап алмағандықтан мердігер суды бірнеше күнге тоқтатып тастаған. Қазылғаннан қалған ойдым-ойдым ми батпақ та жергілікті халықтың сорына айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

«Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, Красноселсельский ауылының орталығы  соңғы 3-4 күн қатарынан тұрғындардың бас қосатын орынына айналған. Талқыға түскен негізгі мәселе, жаңа құбыр салынғанымен жұрттың ауыз суға жарымай отырғандығы.

Красносельский ауылында су құбырын жаңарту жобасы 2021 жылы қолға алынған. Түрлі себептерге байланысты орындалуы созбаққа салынып, өткен жылдың желтоқсан айында ғана су сорғыш станциясының құрылысы аяқталды. Алайда аудандық әкімдік жұмысты қабылдаудан бас тартыпты.

Ал мердігердің айтар өз уәжі бар.  Әкімдік қабылдамаса да, желтоқсан айынан бері ауыл халқына өз есебінен су беріп келген. Бұдан әрі ол шығынды көтерер жайым жоқ деп, өткен аптада бірнеше күнге орталық желіні жауып тастапты. Сосын тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, қайтадан қосқан. Бірақ тапсырыс беруші, яғни әкімдік атқарылған жұмыс ауқымын қабылдап, тиісті ақшаны төлемесе, ауылды судан ағытамын деп отыр.

 «Біз келісімге келдік, мен айтылған кемшіліктерді жоямын. Ал олар қабылдау актісіне қол қоюға тиісті. Егер олай болмаса, суды тағы тоқтатуға мәжбүрмін. Менде үш жыл кепілдік мерзім бар. Ұсақ түйек ақаулар шығып жатса, оны өз есебімізден бәрібір дұрыстауға міндеттіміз», - дейді мердігер кәсіпорынның өкілі Жанболат Жайнақов.

Мердігердің бұл жобадан алашағы 142 миллион тенге. Қос тарап ауызша болса да, бір мәмілеге келгендей. Қазылғаннан қалған ойдым-ойдым шұңқырлар жаз шыға тегістелетін болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.