Қостанай облысында ауылды қар басып қалды
Ал әкімдік бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты
«Алау» басылымында Қостанай облысындағы Қостомар ауылын қар басып қалғаны туралы материал жарияланды. Онда ауыл көшелерін, жол мен үйлерді қар басқаны айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ауыл тұрғындарының бірі үйінің ауласында қардан баспалдақ жасап қойған. Оның айтуынша, ауылда қар өте көп, ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Көше тазармаған», - деп жазады басылым.
«Алау» мәліметі бойынша, тұрғындар күн жылынғанда су тасқыны болуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Ал аудан әкімдігінің баспасөз қызметі Қостомар ауылының көшелері қардан тазартылғанын, ауылға жол ашық екенін мәлімдеді.
«Кеше техника күні бойы жұмыс істеді. Ал үйлердің, аулалардың және құрылыс орындарының территориясын меншік иесі өзі тазалауы тиіс. Дегенмен, Айсары ауылдық округының әкімі ауыл тұрғынының жағдайын ескеріп, көмек көрсетті. Бұл жағдай шындыққа жанаспайды», - деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада.