Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды

Azattyq Rýhy

Қазақстан спортшылар барлығы 6 медаль жеңіп алды

Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Делидегі әлем чемпионатында шаршы алаңға шыққан елордалық спортшылар елге оралды. Бұл туралы Azattyq Ruhy Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлем чемпионатынде ел намысын қорғаған Лəззат Күнгейбаеваны, Валентина Хальзованы, Рима Волосенконы және Аида Әбікееваны әуежайдан туыстары, достары, жанкүйерлері ыстық ықыласпен күтіп алды.

«Жалпы бұл нәтижеге көңілім толады. Құрамамыз 6 медаль жеңіп алды. Десе де әлі тынбай жұмыс істеуіміз керек. Алда Азия ойындары келе жатыр. Ол сында біздің боксшылар барынша көбірек Олимпиада жолдамасына қол жеткізуі қажет», - дейді Қазақстан бокс федерациясының Атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылар барлығы 6 медаль – 2 күміс пен 4 қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, бас бапкер Шәміл Сафиуллин шәкірттері шет елдегі жарыстарда медаль саны жағынан үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ жүлде саны жағынан жалпы есепте Қытайдан кейін 2-орынға ие болды.

Қазақстан құрамасы сапында Делиде соңғы болып рингке шыққан аса ауыр салмақтағы елордалық (+81 кг) Лəззат Күнгейбаева əлем чемпионатының 2 дүркін жүлдегері, марокколық Хадидже Эль-Мардимен күш сынасып, тәжірибелі қарсыласына есе жіберді. Осы салмақтағы басты фавориттің бірімен кездескеніне қарамастан отандасымыз ерекше жекпе-жек көрсетті.

Айта кетейік, Лəззат 2016 жылы əлем чемпионатында топ жарған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін күміс медальді Карина Ибрагимова (57 келі) жеңіп алған. Төрт спортшымыз – Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Халзова (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) әлем чемпионатының қорытындысы бойынша қола жүлдегер атанды. Әйелдер құрамасы әлем чемпионатында осыған дейін осынша медаль жеңіп алмаған еді.

Жалпы есепте жарыс қожайыны Үндістан 4 алтынмен көш бастаса, Қытай 2-орында (3 алтын, 1 күміс, 3 қола). Үздік үштікті Ресей түйіндеді (1 алтын, 1 күміс, 1 қола). Ал біздің құрама 8-сатыда.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.