Созақта Ұлы Отан соғысының ардагері сайлау учаскесіне келді
Ақсақал сайлауда өз таңдауын жасады
Түркістан облысы Созақ ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев алғашқылардың бірі болып Сызған ауыл округіндегі №701 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, саналы ғұмырын ауданның дамуына жұмсап, елге қызмет еткен ардагер бүгінгі маңызды саяси науқан жоғары деңгейде, әділ өтсін деп бата берді.
«Ел болашағы үшін әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан мен де жасым 90-нан асқаныма қарамастан таңсәріден келіп өз таңдауымды жасап, саяси науқаннан шет қалмадым. Қашанда еліміз аман, бейбітшілік заман болсын», – деп ізгі ақ тілегін жеткізді.
Ардагер ақсақал сайлау комиссиясының жұмысына табыс тіледі.
Айта кетейік, бүгін елімізде ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.