Түркияда толассыз жаңбырдың соңы жойқын су тасқынына ұласты: 5 адам қаза болды
Тағы бес адам із-түзсіз жоғалып кетті
Түркияның оңтүстік-шығыс аймағындағы бірнеше провинцияда нөсер жаңбырдың соңы су тасқынына ұласты. Апат салдарынан кем дегенде бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Daily Sabah басылымының мәліметіне сүйенер болсақ, Түркияның төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасы (AFAD) Адыяман аймағында су тасқыны қатты жаңбырдың салдарынан болғанын хабарлайды.
«Апат аймақтарына – Адыяман, Адана, Кахраманмараш және Диярбакыр жеріне құтқарушылар жіберілді. Жағдайды бақылауда ұстаймыз. Бұл жерге су тасқынының салдарын жою үшін арнайы техника келеді деп күтіліп отыр», - деп жазады AFAD Twitter желісінде.
Cumhuriyet басылымының мәліметіне жүгінер болсақ, қатты жаңбыр жауған Адыяман провинциясында су басу салдарынан бес адам қаза тауып, тағы бесеуі із-түзсіз кетті.
Сондай-ақ, Шанлыурфа Эйюбие оқу-зерттеу ауруханасының реанимация бөлімін су басты. Науқастар өзге ауруханаларға ауыстырылды. Сол сияқты мектептердегі сабақтар тоқтатылды.
Түркияның мемлекеттік метеорологиялық қызметі (TSMS) 14-20 наурыздағы ауа райы болжамын жариялады, сол сияқты жақында бірнеше күшті жер сілкінісінен зардап шеккен оңтүстік-шығыс аймақтың қызғылт сары кодын жариялады.
Адыяман, Диярбакыр, Элазиг, Малатия, Кахраманмараш, Мардин, Сивас, Шанлыурфа және Килис провинциялары қатты жаңбыр жаууы мүмкін қызғылт сары коды бар провинциялардың қатарына кірді.
Айта кетейік, өткен айда Түркияда жойқын жер сілкінісі болып, 46 мыңнан аса адам қаза болған.