Сайрам өзеніне шайынды су құйылып, қоқыс төгіліп жатыр
Кәріз жүйесін жасаған мамандар құбырларды іргедегі Сайрам өзеніне шығара салған
Шымкенттегі «Базар Қақпа» тұрғын үй кешенінің кәріз сулары Сайрам өзеніне құйылып жатыр. Шенеуніктер болса табиғаттың ластанып жатқанын хабардар екенін айтады. Бұл туралы Azattyq Rýhy otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кәріз құбырын жүргізген мердігер жұмысты сапасыз орындапты. Енді соның салдарынан өзен суы былғанып, айналасы қоқысқа көміліп жатыр.
Шымкенттегі бұл көпқабатты үйлердің кәріз жүйесі осыдан 5 жыл бұрын жаңарған. Алайда, жұмыстың сапасыз жасалуы салдарынан шайынды су үйлердің жертөлесіне құйылуда. Ал тұрғындар әр екі апта сайын құбыр тазалағыштарды шақыруға мәжбүр.
Кәріз жүйесін жасаған мамандар құбырларды іргедегі Сайрам өзеніне шығара салыпты. Салдарынан, көпқабатты үйлерден шыққан сарқынды су дәл сол өзенге құйылып жатқан көрінеді.
Онсыз да әбден былғанған Сайрам өзеніне шайынды судан бөлек қоқыс та төгіліп жатыр. Тұрғындар көрінген көлік өзен жағасына қалдықтарын тастап кетеді дейді. Тіпті түсіру тобының көзінше жүк көлігі қоқысты өзен жағасына аудара салғанына да куә болдық. Тұрғындар күнделікті қайталанатын бұл жағдайға жауаптылар ешқандай шара қолданбайды деп күйініп отыр.
«Жұрттар қоқысын әкеп тастап жатыр, келеді иттерін әкеп тастап жатыр. Анау күні де көрдім, кішкентай бала қапта итті-мысықты ма білмеймін, күтіп тұрды да мосттан өтіп кеткеннен кейін лақтырып кетіп жатыр», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Фируза Жүсіпова.
Ал, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы кәріз суының өзенге ағып жатқанын жақсы білетін көрінеді. Сөздерінше, 2018 жылы кәріз жүйесін ауыстырған мердігер мекеме жұмысты сапасыз орындаған. Жауаптылар сол себепті де, кей құбырды амалсыздан өзен арнасына қарай бұруға тура келді дейді.
«Демеушілер есебінен уақытша қостық қазіргі таңда коллекторге тасталынып отыр. Бірақ жаңағы жұмыстар аяқсыз қалуына байланысты кейбір абоненттердің құдықшаға уклоны келмей қазіргі таңда өзенге тасталынуда иә шайынды сулар. Бізге айыппұл салды, кешегісінде осы желтоқсан айында 108 мың ба, 128 мың ба сондай салды. 21-ші жылға есімде жоқ», - деді Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Еркеғали Жаназат.
Ең қызығы істемейтін кәріз жүйесіне тұрғындар ай сайын ақы төлейді екен. Дегенмен, жауапты мамандар жыл соңына дейін шайынды су ағатын жүйені толық жаңартамыз деп отыр.