«Халыққа 3,5 млрд теңге көлемінде шығын келген»: 950 томдық істі сотқа жіберген тергеуші әйелмен сұхбат
Қаржы пирамидасы бойынша істі тергеу 2021 жылдың қаңтар айында басталған

Қазақстанның өңір-өңірінен 2100 адам «Индиго 24» және «Evolution Corporation» атауларымен құрылған қаржы пирамидаларына алданып, халыққа 3,5 млрд теңге көлемінде шығын келген. Қаржы пирамидасын құрды деген айыппен 20-ға жуық адам сотталды. Осы қаржы пирамидаларына қатысты Түркістан облысы Полиция департаментінің аға тершеугісі, полиция майоры Алтынай Жолымбекова 950 томдық іс жинап, оны сотқа өткізген. Халықаралық әйелдер күнінде Azattyq Ruhy тілшісі Алтынай Жолымбековамен әңгімелескен еді.
- Алтынай ханым, қазір сіз полиция майорысыз және тергеушісіз. Неше жылдан бері тергеуде жұмыс істеп жүрсіз?
- Әуел баста 4,5 жыл тергеушінің көмекшісі болып жұмыс істегемін, кейін тергеуші қызметіне ауыстым. Содан бері 13 жыл болды.
- Мына 950 томдық істі неше жыл тергедіңіз?
- Қаржы пирамидасы бойынша бұл істі 2021 жылдың қаңтар айында бастап тергеп, биыл қыркүйекте істі сотқа өткіздік. Өте қиын іс болды. Бұл істі жалғыз тергеген жоқпын, өйткені осы қылмыстық іске қатысты жедел тергеу тобы құрылып, оның құрамына отызшақты адам ендік. Олардың арасында жедел уәкілдер бар, жергілікті полиция инспекторлары болды. Өйткені, іс бойынша жәбірленушілердің көбі Түркістан облысына қарасты Жетісай, Мақтаарал қалаларынан, Шардара ауданы, Сарыағаш аудандарынан болды. Сонымен қатар, басқа облыстардан да жәбірленушілер көп болды. Әсіресе, Астана, Шымкент қалалары, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында тұратын адамдар көп болды. Міне, екі қаржы пирамидасы бойынша осы аймақтардың әрқайсысында қылмыстық іс қозғалып, бәрі біріктіріліп біздің Түркістан облысына өтті. Сондықтан, тергеу тобында жан-жақтағы әріптестерім болды. Әуел баста іс бойынша 25 адам күдікті ретінде танылып, тергеуде отырды. Ел бойынша 2100 жәбірленуші болды. Олардың іс-әрекеттеріне қарап, ұйымдасқан қылмыстық топ белгілерімен істі сотқа жолдадық. Қаржы пирамидасы деген қазір қоғамдағы ең күрделі мәселенің бірі. Қаншама адам соңғы ақшасын салған, қаншасы несие алып, қаржы пирамидасына салған. Жәбір көргендердің көбі әйел адамдар болғындақтан, ауыр тиді. Біреуі үйінен айырылған, біреуі жайынан айырылған, шыны керек, қаншама әйел алдымызға жылап келіп, қаржы пирамидасын құрған адамдарды қашан жазалайсыздар дейді. Ал, тергеу изоляторына барсаң, айыпты ретінде 22 әйел отырды. Олардың да бала-шағасы, проблемалары бар. Бір жарым жыл отбасын көрмей, тергеуде отырды. Оларға да психологиялық көмек тигіздім. Соңғы ақшасын салып, бірақ алданған әйелдерге «сен не үшін несие алдың, неге сендің?» деп те айта алмаймын. Олар онсыз да психологиялық тұрғыда ауыр күндерді бастап кешіріп, қарызын, ақшасын ойлап жүрді.
- Екі қаржы пирамидасы бойынша халыққа келген залал қанша еді?
- Шамамен 3,5 млрд теңге болды. Сот үкімі шықты. Қаржы пирамидасын құрды деп бір ер адам, оның анасы және тағы бір әйел, барлығы үш адам 12 жылға сотталды, бес адам 10 жылға, сегіз адам 5 жылға сотталған. Сотталғандар арасында әйел адамдар да бар.
- Өз отбасыңыз туралы айта кетсеңіз? Жалпы, осындай ауқымды жұмыстар арасында демалып, бала-шағаңызға көңіл бөлетін уақыт шыға ма?
- Екі қыз, бір ұлым бар. Әрине, екі жаққа үлгеру оңай емес. Әсіресе, мына қаржы пирамидасына қатысты іс өте ауыр болды. Біз істі Түркістанда емес, Жетісай қаласына барып тергедік қой. Апта сайын үйге келіп, бала-шағама көңіл бөліп кетемін. Бала ешқандай жағдайда ата-анасының назарынан тыс қалмауы керек қой.
- Бұл іс өте күрделі болды деп отырсыз ғой. Болашақта, бәлкім зейнет жасына шыққанда, осы іске қатысты кітап жазып немесе студенттерге әдістеме ретінде сабақ беру ойыңызға келген жоқ па?
- Біріншіден, әрине, тергеуші әйелдер өте аз. Егер әйел тергеушілер қазіргі жұмысының нәтижесін көрсетіп, табандылық танытсақ, осындай нәтижеге жетуге болатынын айтсақ, оның еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Істі сеніп тапсырған соң оны бүге-шүгесіне дейін қарадық. Әйел адам қанша айтқанмен әр іске жауапкершілікпен қарайды ғой.
- Өз әріптестеріңізге, құқық қорғау органдар саласында жүрген әйелдерге қандай тілек, қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
- Қажымай, табандылық көрсетіп, мақсатты көздесек, түбінде әр істің жемісін көреміз. Менің пікірім осы. Әріптес қыз-келіншектерге де айтарым осы! Мереке құтты болсын!