Жамбыл облысында жыл басынан бері 200-ге жуық оқушы қыз жүкті боп қалған
Олардың арасында 16 жасқа толмаған қыздар да бар

Жамбыл облысында жыл басынан бері мектеп жасындағы 192 қыз жүкті боп қалған деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Жүкті қыздардың 81-і 16 жаста болса, жетеуі әлі 16-ға да толмаған екен. Бұл туралы Жамбыл өңіріне арнайы келген «Нұр Отан» партиясы балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшесі Рысты Жұмабекова айтты. Ол жаға ұстатарлық осынау жайтқа қатысты жергілікті шенділер жауап беруі тиіс дейді.
Ал, облыстық білім басқармасының басшысы жүкті қыздардың отбасында тәрбие болмағанын айтып ақталып отыр. Дәл қазір өңірдегі мектептерде аяңы ауыр оқушылар жоқ дейді ол.
«Әлеуметтік портреттеріне қарайтын болсақ, ата-ананың тәрбиесінен шеттеп қалған, қолайсыз отбасынан шыққан қыздарымыз осындайға тап болып жатады. Олар мектептен колледждерге ауысып кеткен», - дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
Жүкті қыздар қазір колледждерде және кешкі мектептерде оқиды. Көбі ерте болса да отбасын құрып алған.
«76 қыз колледжге ауысқан. Бұлардың бәрі отбасын құрып алды. Біз имамдарға кәмелетке толмағандардың некесін қимаңдар деп түсіндіріп айттық. Бірақ, олар ата-анамен келгендіктен қия береді», - дейді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.