Былтыр шетелдіктердің қатысумен 46 ірі инвестициялық жоба іске қосылды
Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында Кеңестің Қазақстандағы өнеркәсіп пен көлік саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған 35-ші пленарлық отырысына дайындық барысы, сондай-ақ жұмыс топтарының есептері қаралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шара аясында қатысушылар салық салу мен кедендік бақылау, мұнай экспорты, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, цифрландыру және бұлыңғыр технологияларды дамыту, шетелдік жұмыс күшін тарту, бизнеске қойылатын артық талаптарды жою және тағы басқа өзекті мәселелерді талқылады.
Премьер-Министр өз сөзінде қазіргі уақытта Үкімет реттеушілік саясатты жеңілдету және экономиканың нақты секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жаңа Салық және Бюджет кодекстері әзірленіп жатыр, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін одан әрі азайту, демонополизациялау және көлеңкелі айналымға қарсы күрес бойынша шаралар қабылдануда.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл жалпы республиканың инвестициялық ахуалына оң әсер етеді, оны нақты сандар растап отыр: 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ға өсіп, $22 млрд-тан асты. Жалпы өткен жылы шетелдіктердің қатысумен 46 ірі инвестициялық жоба іске қосылды.
Сонымен қатар Премьер-Министр Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ баса отырып, цифрлық трансформациялауды қажет ететінін, оған уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан ерекше назар аударылатынын айтты.
«Инновацияларды ынталандыру және цифрландыруды дамыту мәселелері бойынша заңнамаға жүйелі түзетулер енгізілді. Қатысушылардың барлығын біріктіретін өнеркәсіптің цифрлық экожүйесін құру және басқа да бірқатар қадамды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы технологиялық жаңғырту аясында 2025 жылға қарай республикада біліктілігі жоғары кемінде 100 мың IT-маман даярлау жоспарланып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар 5G желілерін іске қосу және IT-салада қолайлы іскерлік ортаны нығайту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.