Ақтөбеде 21 бала өсіріп отырған өнерлі отбасы тұрады
Ерлі-зайыптылар отбасылық «Шашу» халықтық ансамблін құрған
Ақтөбеде 21 баласы бар отбасы тұрады. Жетесовтер әулетіндегілердің бәрі шетінен өнерлі. Ән айтады, жетіген, қобыз, домбыра түрлі ұлттық аспаптарда ойнайды. Балаларды өнерге, музыкаға баулыған ата-ана отбасылық «Шашу» халықтық ансамблін құрған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Өмірхан мен Амангүлдің өзінің үш баласы бар. Жастайынан жетімдік көрген олар кейін балалар үйінен 18 сәбиді бауырына басыпты.
«Балаға тек мейірім қажет. Тамақ, киім, жылы үй, бәрі үкіметте де бар. Сондықтан ерекше мейірім мен махабатыңыз болса, балаларды бауырға басып, шын сүйіп, шын көңілмен жақсы көрсеңіз, ол бала ата-ана мейірімін көргеннен кейін ешқашан бөтен болмайды. Ол өзіңнің балаң болады», - дейді көпбалалы ана Амангүл Ешпанова.
Қазір балалардың үлкені – 25 жаста, кішкентайлары – 9, 10 жаста. Отбасында бес баланың ұлты орыс болғанымен, жаны – қазақ. Жеткеншектердің барлығы ұлттық аспапта еркін ойнап, дәстүрлі ән, терме айтады. Фольклорлық жыр-дастандарды жатқа біледі.
Жұдырықтай жүрегіне 21 баланы сыйғызып, оларға мейірім мен махаббат беріп, өнерге баулып, әрқайсының тұлға болып қалыптасуына үлес қосып жүрген Жетесовтер әр баланың орны бөлек екенін айтады.
Олардың отбасылық ансамблі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Тіпті әлемнің 96 елі ұлттық өнерді насихаттайтын ансамбльді қонаққа шақырған. Алдағы жазда Жетесовтер шет елдерді араламақ.