Қарағанды облысында бизнеске арналған 55 млн теңгеге жуық мемлекеттік грант заңсыз берілген
Бірнеше ауданда қомақты қаржы заң бойынша берілмеуі тиіс азаматтарға үлестірілген
Қарағанды облысында бизнесті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған мемлекеттік грант заңсыз берілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Жалпы құны 55 млн теңгеге жуықтайтын 36 грант негізсіз бөлініпті. Сорақысы сол, Мемлекеттік қолдауға ие болған 11 азамат, «жеке кәсіпкерлігін» қаржы қолға тиген соң, қайтадан жауып тастаған. Салдарынан жоспарланған жаңа жұмыс орындары ашылмаған. Бұдан бөлек азаматтарды жұмысқа тек құжат жүзінде орналастыру дерегі белең алған. Облыста осындай 75 жағдай анықталыпты. Заңсыздықтар болашақ кәсіпкерлерді оқыту кезінде жиі болады дейді прокурорлар.
«Мысалы, Осакаров ауданында 2021 жылы 10 млн бюджет қаржысына 65 адам талап етілмеген мамандық бойынша оқытылған, нәтижесінде тек 10-ы жұмыс тапты. 54 млн теңгеге 36 грант негізсіз берілген және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған», - дейді облыстық прокуратураның Басқарма басшысы Бекзат Ахметов.