Маңғыстауда соңғы үш жылда 3 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды
Өңір басшысы Қарақия ауданындағы бірқатар ауылды аралады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Қарақия ауданына қарасты Бостан, Сенек және Құланды ауылдарына барды. Бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, елдімекен тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бостан кентінде 2100 адам тұрады. Жалпы білім беретін мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.
Әкіммен кездесуге келген ауыл тұрғындары халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы, білім, медицина саласындағы кадр тапшылығы, жолдың жай-күйіне қатысты сауалдарын қойды.
Әкімнің жұмыс сапары 1800-ден астам адам тұратын Сенек ауылында жалғасты.
Сенек ауылының әкімі Оразғали Бекенбаевтың айтуынша, тұрғындар электр жарығымен, орталықтандырылған тұрмыстық газбен, ауыз сумен 100 пайызға қамтамасыз етілген.
Ауыл тұрғындары мал жаюға жер бөлу бойынша сауалдарын қойды. Маңғыстау облысы бойынша жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов облыста соңғы 3 жылда 3 миллионнан астам гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Оның ішінде игерілмей жатқан 2 млн 406 мың 441 гектар ауыл шаруашылығы алқабы Қарақия ауданындағы «Сенек» ЖШС-ға тиесілі.
Жер телімін электронды сауда, конкурстар арқылы пайдалануға болады.
Қарақия ауданы әкімдіктері өткізген байқауларда жеңімпаз атанғандардың қатарында «Сенек» ауылында ұзақ жылдардан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан тұрғындар бар.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сол арқылы мал басын көбейтуге, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алуға мүмкіндік болады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет. Ауылдағы өмір сүру деңгейі мен тұрғындарының табысы осыған байланысты болғандықтан әкімдіктер басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі қажет», - деді Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы Құланды ауылының тұрғындарымен де кездесті.
Ауыл әкімі Санат Төкеновтің айтуынша, ауылдық округте 106 шаруа қожалығы мен 175 жеке шаруашылық тіркелген. Халықтың басым бөлігі адай жылқысын баптайды. Өткен жылдармен салыстырғанда жылқы саны 6,9 пайызға артқан. Бұған асыл тұқымды малды субсидиялау себеп болған.
Былтыр құландылық 6 шаруа қожалығы асыл тұқымды малға 8 миллион теңгеден астам субсидия алған. Ал биыл субсидия көлемі өседі. 2022 жылдың соңында субсидия алуға құжаттарын тапсырған 7 шаруа қожалығы 14 миллион теңгеге жуық мемлекеттік қолдауға ие болады. Сонымен қатар 2023 жылдың мамыр айынан бастап өтініштер қабылданады.
Былтыр облыста 330 ауыл шаруашылығы субъектісі жалпы сомасы 702 млн теңгеге мемлекеттік қолдау алды. Оның 14-і – Қарақия өңірінен.
Маңғыстау облысының әкімі халықпен кездесуінде ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар мемлекеттік қолдауға ала алатынын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы барлық елдің экономикасы үшін маңызды сала. Себебі ол халықты азық-түлікпен, күнделікті өмірге қажетті киім-кешек тігуге арналған шикізатпен және тоқыма материалдарымен қамтамасыз етеді. Өңірде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар, субсидия және несие түрінде жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мойындау керек, мұнай саласында барлығын жұмыспен қамту мүмкін емес, сондықтан жаңа мүмкіндіктерге назар аудару қажет, соның бірі – ауыл шаруашылығын дамыту», – деді Нұрлан Ноғаев.