Мәжіліс пен мәслихат сайлауы кезінде «BAQYLA» қозғалысы 3 мыңға жуық учаскені бақылайды
Аумақтық бақылаушылар желісінің жұмысы өңірлік штабтар арқылы жүргізіледі
«BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы елімізде 2023 жылдың 19 наурызында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында елішілік тұрақтылық пен сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерін қамтитын өңірлік штабтарда бақылаушылық жасайды. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубында өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Аумақтық бақылаушылар желісі жұмысы Алматы қаласындағы Орталық штаб пен еліміздің 17 қаласында орналасқан өңірлік штабтар арқылы жүргізіледі. Азаматтық сектор мен ҮЕҰ желілерінен бақылаушылар тарту көзделіп отыр екен. Бақылау желілерінің басшылары мен өңірлік үйлестірушілеріне сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы курстар ұйымдастырылады. Оқыту ZOOM конференциясы және оффлайн кездесулер арқылы жүргізіледі.
«Сайлауды бақылау – сайлау учаскесіндегі бір күндік әрекетпен шектелмейді. Азматтар сайлауды бақылауға қатысу арқылы азаматтық-саяси көзқарасын қалыптастырады, Қазақ еліндегі сайлау жүйесін өзгертуге де үлес қосады», - деді саясаткер, оқытушы Дос Көшім.
Айта кетейік, оқытушылар әр өңірден бірнеше адамды Алматы қаласында офлайн форматында да оқытады. Ары қарай олар өз аймағында бақылаушы болатын азаматтарға үйретеді. Қазір аталған қозғалыс арқылы бақылайтын үкіметтік емес ұйымдар аттестациядан өтіп жатыр.
Сайлау күні орталық штаб еліміздегі сайлау учаскелеріндегі жағдайды баяндап, сағат сайын брифингтер өткізеді, өңірлерден онлайн трансляциялар ұйымдастырады, әлеуметтік желілерде посттар мен бейнежазбаларды жариялайды және тираждайды, жалған ақпараттарды анықтайды, ерекше жағдайларға түсініктеме береді.