Ұлттық комиссия өткен жылғы жұмысын қорытындылады
Жиынға сарапшылар қоғамдастығының өкілдері, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты

Ұлттық комиссия өткен жылғы жұмысын қорытындылады және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметіне жасалған мониторинг нәтижесін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өткен жыл ұлттық комиссия үшін сапалы өзгерістермен, жұмыстың трансформациялануымен ерекшеленді. Комиссия құрамы жаңарды. Біз ұлттық комиссияның жауапкершілік аймағына кіретін мәселелерді шешу үшін шоғырландыруды және азаматтық қоғамды тереңірек тартуды мақсат еттік. Барлық бағыттар бойынша жұмыс биыл да күшейтіледі. Өңірлерге ерекше назар аударылатын болады. Осы тұрғыда бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірге іске асады», - деп атап өтті отырыста Ұлттық комиссия төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева.
Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен 2022 жылдың негізгі қорытындылары туралы сөз сөйледі.
Ұлттық комиссияны жаңғырту қызметі барлық бағыттары бойынша серпін берген: әлеуметтік-демографиялық даму; әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту; балалардың қауіпсіздігін, құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету; гендерлік саясат және халықаралық ынтымақтастық.Ұлттық комиссияның сараптамалық-талдау функцияларының блогы күшейтілді. Проблемаларды кешенді талдау, өңірлік ерекшеліктерді бағалау және отырыстарға шешімдер әзірлеу үшін комиссия мүшелерінің өңірлерге сарапшылармен бірлесіп шығу тәжірибесі енгізілді. Бір жыл ішінде Ұлттық комиссия үйлестіретін құрылымдар нығайтылды.
Атап айтқанда, өңірлерде балалар құқықтары жөніндегі уәкілдердің лауазымдары енгізілді, отбасын қолдау орталықтары ашылды.
Президенттің мемлекет қатысатын компаниялардағы басшылық лауазымдарына әйелдердің 30% өкілдігі туралы тапсырмасы шеңберінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.
Отбасылық-гендерлік мәселелермен айналысатын 500-ге жуық ҮЕҰ-ын қамтитын серіктестік желімен сындарлы диалог орнады.
Цифрландыру саласында әйелдердің мүмкіндіктерін дамыту мәселелері қамтамасыз етілді.
«Technowomen» қауымдастығымен және «BTS Education» компаниясымен бірлесіп электрондық коммерция мектебі ашылды және халықаралық және қазақстандық электрондық алаңдарда сатуды оқыту бойынша қазақстандық қолөнершілерге 1400 тегін курс өткізілді.
Ана мен бала өлімі, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид бойынша қабылданып жатқан алдын алу шараларының нәтижесінде осы салалардағы жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі көрсеткішінің 2,6 есе, сәби өлімі көрсеткішінің 3% төмендегені байқалады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны 2022 жылы 11%-ға, суицидке әрекет ету 17%-ға азайды.
Халықаралық ұйымдармен, ең алдымен БҰҰ, Еуропа және Орталық Азия елдерінің құрылымдарымен жемісті өзара іс-қимыл жасалды.
Өңірлік комиссиялардың қызметіне мониторинг жүргізу нәтижелері бойынша Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко сөз сөйледі.
«Жаңғырту нәтижесінде өңірлік комиссиялардың құрамындағы азаматтық қоғам өкілдігі 40%-дан 60%-ға дейін жаңартылды. Бұл халықтың мақсатты топтарымен жұмыс істейтін қоғамдық пікір көшбасшылары, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері», - деп атап өтті Ұлттық комиссия төрағасы.
Ұлттық комиссия басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, әкімдіктерге тапсырма бере отырып:
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы отбасылық және гендерлік саясат жобаларына қаражатты дұрыс бөлу бойынша мақсатты жұмысты қамтамасыз ету қажет. Балалардың қауіпсіздігіне, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты мәселелерді шешу бойынша жобаларды қолдау қажет. Қаражатты тиімді жұмсау мәселесі үнемі бақылауда болуы керек», - деп атап өтті.
Ұлттық комиссияның отырысына сарапшылар қоғамдастығының өкілдері, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырыс соңында Ұлттық комиссия төрағасы А. Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.