Сауд Арабиясы Қазақстанға туристік виза беруді уақытша тоқтатты
Тізімде коронавирус дерегі тіркелген тағы алты мемлекет бар
Сауд Арабиясының туризм министрлігі коронавирус дерегі көп тіркелген жеті елдің азаматтарына электронды туристік виза беруді уақытша тоқтатты. Бірақ, неге екені белгісіз, аталған елдер тізімінде Қазақстан да жүр. Елімізде бүгінге дейін коронавирус оқиғасы тіркелген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Риа Новости-ге сілтеме жасап.
«Коронавирустың алдын-алу мақсатында Қытай, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Италия және Қазақстан азаматтарына электронды туристік визалар беру тоқтатылды. Сондай-ақ, бұл елдің азаматтары саудиялық әуежайларға келген кезде де туристік визалар ала алмайды», - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған жеті мемлекеттің азаматтары Сауд Арабиясының визасын алып қойған күннің өзінде елге кіре алмайды.
Жергілікті билік аталған шектеуді «уақытша шаралар» деп түсіндірді.
Айта кететіні, бұған дейін Сауд Арабиясының билігі коронавирустың таралуына жол бермес үшін Меккеге қажылыққа келушілерді елге кіргізуге уақытша шектеу қойған болатын.
Сонымен қатар, елге кіру бекеттерінде барлық шетелдіктердің бұрын қандай елдерде болғаны қатаң тексеріліп жатыр.
Соңғы деректерге сүйенсек, коронавирус әлемнің 47 еліне тарап кеткен. Вирус жұқтырғандар саны 81 мың адамнан асты, 3 мыңға жуық адам көз жұмды, олардың басым көпшілігі індет ошағы саналып отырған Қытайдың Хубэй провинциясының тұрғындары.
Қытайда коронавирус құрбандарының саны 2744-ке жетті. 32 400-ден аса адам ауруханадан жазылып шықса, қауіпті індетті жұқтырғандар саны 78 400-ден асып кетті.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустың біздің елімізге де келуі мүмкін екенін жоққа шығармайтынын, сондықтан індеттің алдын алуға қатысты барлық шара қабылданып жатқанын айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: Сауд Арабиясына қажылыққа бару уақытша тоқтатылды