Қазақстанға халықтың мүддесін тиімді қорғай білетін партиялар қажет – Президент
Мемлккет басшысы саяси реформалардың бұдан ары да жалғаса беретінін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында сөйлеген сөзінде саяси жүйедегі партиялардың атқаратын рөліне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда, елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс. Сондай-ақ, мемлекет тұғырын нығайту және ел бірлігін сақтау мәселесін бәрінен биік қоюы керек. Партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс. Жұртшылықтың талап-тілегіне жете мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Өз бағдарламасын заңды жолдармен іске асыруы керек. Саясаткерлердің жаңа шоғырын қалыптастырып, оларды елге таныту да маңызды», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекте басшысы салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударатынына тоқталды.
«Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі. Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны. Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді», - деді Қ. Тоқаев.
Осылай деген Президент саяси реформалардың бұдан ары да жалғаса беретінін айтты.
«Жалпы, кез келген сайлауда қоғамның саяси кемелдігі сыналады. Қоғамда пікірталас қызу жүреді. Сын – азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі және аталған ұғым Қазақстанға да тән. Бұл – менің берік ұстанымым. Қоғамды трансформациялау және жаңғырту жөнінде қабылдаған шараларымыз халықтың мұң-мұқтажын шешуге бағытталған. Реформалар одан әрі жалғасады.
Біздің «Әртүрлі көзқарас, біртұтас ұлтқа» негізделген қағидатымыз мызғымайды. Саяси радикализм мен экстремизмнің кез келген түріне елімізде орын жоқ. Демократия – бұл, ең алдымен, өз сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарау. Бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әрбір азамат, кез келген қоғам қайраткері, барша саяси күш ел болашағы үшін өзінің тікелей жауапкершілігін сезінуі қажет. Барша отандастарыма айтарым: әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты. Тәуелсіздігімізді сақтау және оны нығайту аса маңызды міндет екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы. Біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мәдениеті мен азаматтарымыздың шынайы патриотизмі мұның кепілі бола алады. Әрқайсымыз өзара тілеулестік қағидатынан айнымауымыз керек. Сонда ғана тең мүмкіндіктер мен дамуды ту еткен Әділетті Қазақстанды құрамыз», - деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.