$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Нұрсұлтан Назарбаевқа қандай операция жасалғаны белгілі болды

Ота хирургиялық тәсілмен емес, шағын инвазивті әдіспен жасалған

Нұрсұлтан Назарбаевқа қандай операция жасалғаны белгілі болды
Фото ашық дереккөзден

Нұрсұлтан Назарбаев операциядан кейін өзін жақсы сезінуде, ауруханадан жақын күндері шығады. Бұл туралы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында өткен брифингте айтылды.

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының басқарма басшысы белгілі кардиохирург Юрий Пя БАҚ өкілдерімен кездесіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың операциядан кейінгі жағдайын айтты.

«Мен ұзақ жылдар бойы Тұңғыш Президенттің консультант дәрігерімін, қажет болған жағдайда мені Нұрсұлтан Назарбаевқа консультация жасауға шақырады. Бүгін жүзеге асырылған процедура өткен жылы жоспарланған болатын. Оның жұмысының қауырттығы мен денсаулығының жағдайына байланысты оған ыңғайлы уақытта өткізуді жөн деп санадық. Сондықтан бұл процедураны бүгін жасадық. Диагноз бен денсаулық мәселесі сынды медициналық мәселелерді науқастар жариялай бергісі келмейді. Әр адамның оған құқығы бар. Бірақ бұл бірегей тұлға болғандықтан, барлығының Нұрсұлтан Әбішұлының денсаулығына деген қызығушылығын түсінемін. Бүгін жасалған процедура оның денсаулығына қатысты бұрын жоспарланған. Ол сәтті өтті», - деді Юрий Пя.

Белгілі болғандай бұл ота хирургиялық тәсілмен емес, шағын инвазивті әдіспен жасалған.

«Назарбаев өзін-өзі жақсы сезінсе, жақында шығып қалуы мүмкін. Оны процедураға қатысқан ұжым ақылдасып шешеді. Операция 2,5 сағатқа созылды. Бұл операция емес, оны процедура деп атауға болады. Бұл - оңалтатын диагностикалық процедура. Ол халықаралық тізілім бойынша ота қатарына жатпайды», - деді ол.

Бас кардиохирург жүрек өз еркімен жұмыс істеп тұрғанын айтты. Ешқандай кардиостимулятор қойылмаған.

«Жанында тек қана емдеуші дәрігері және медициналық персонал бар. Мұндай процедураларға ешкімнің туысы кіргізілмейді. Сондықтан туыстарынан ешкім болған жоқ. Заң бойынша оған тыйым салынған. «Серіктестік» бойынша босану кезінде ғана науқастың туыстары қатыса алады. Нұрсұлтан Назарбаевқа бұл ота бірінші рет жасалды. Ал алдағы уақытта оның тағы да жасалу, жасалмауы ол пациенттің денсаулығына байланысты», - деді Юрий Пя.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері дәрігерден экс-президенттің жанында жақындарынан кімдер бар екенін сұрады. Алайда Тұңғыш Президенттің жанында тек қана емдеуші дәрігері және медициналық персонал бар екені белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары