Ресейдің Омбы облысында құтырма ошақтары тіркелуіне байланысты СҚО-да жабайы аңдарға вакцинация жасалады
Омбы облысы құтырма ауруы бойынша қолайсыз аумақ саналады
Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Омбы облысында құтырма дертінің бірнеше ірі ошағы анықталды. Осыған байланысты теріскейде сақтық шаралары күшейтілді. Аурудың таралуының алдын алу мақсатында 30 мың жабайы аңға вакцина жасалмақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Омбы облысы құтырма ауруы бойынша қолайсыз аумақ саналады. 2017 жылдан бері инфекция қайталанып келеді. Мәселен, 2017 жылы аурудың тоғыз ошағы, 2018 жылы – алты ошақ, 2019 жылы – 17 ошақ, 2020 жылы – 16, 2021 жылы – 24, 2022 жылы – 5 ошақ тіркелді.
Осы жолы ошақ анықталған Омбы, Муромцев және Калачинск муниципалды аудандарында карантин енгізілді. Ол наурыздың ортасына дейін жалғасады.
Солтүстік Қазақстан облысы қауіпті аймаққа жақын орналасқандықтан жұқпаның таралу қаупі зор. Оның басты тасымалдаушысы – жабайы аңдар. Сондықтан мамандар жыртқыштарды арнайы таблетка беру арқылы вакцинациялау науқанын бастап кетті.
«Құтырмаға қарсы шөпқоректілерге екпе жасаудың қажеті жоқ. Тек жыртқыштардан ғана қауіп төнеді. Аңдарды ине салу арқылы емес, ауыз арқылы вакцинациялаймыз. Жем түрінде жасалған дәрі-дәрмек аңдар жүретін жерлерге тасталады. Оны қорек еткен жыртқыштар ауырмайды. Яғни ағза ауруға қарсы тұру қабілетіне ие болады. Омбыдан ет және ет өнімдерін әкелуге шектеу жоқ. Құтырма бойынша ондай шектеу шараларын енгізудің қажеті жоқ», - дейді ветеринарлық инспекция басшысы Марат Ибраев.
Былтыр өңірде құтырма ошағы тіркелген жоқ. Дегенмен, аурудың алдын алу мақсатында 168 мыңнан астам ірі-қара мен ұсақ малға екпе салынды.
«Біздің облыста құтыру және жануарлардың басқа да аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Биыл 170 мыңнан астам малға екпе салынады. 17 мың ит пен 6200 мысық қамтылмақ», - дейді Ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Анықтама: Құтырма – вирустық этиологияның табиғи-фокальды, жедел, жұқпалы, өлімге әкелетін ауруы. Ол орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымдануымен, параличпен және өліммен сипатталады. Құтыру вирусы тікелей байланыс арқылы таралады. Жабайың аңдар үй жануарларын тістесе – ауру жұғады.