Теміртауда 58 тұрғын үй жарықсыз қалды
Оқжетпес-Т» ЖШС апаттық бригадасы жедел қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде
Теміртауда қаланың электр желілерінде қорғаныс жүйесі іске қосылып, тоқ беру тоқтатылды. Оқиға салдарынан 58 тұрғын үй жарықсыз қалды. Бұл туралы Теміртау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдіктен хабарлағандай, электр қуатын беру 12 қаңтарда сағат 19:48-де тоқтаған. Авариялық ажырату орын алып, Әлеуметтік қала аумағындағы желілер істен шыққан. Болжам бойынша, апатқа шамадан тыс жүктеме себеп болған. Соңғы 2 күнде Қарағанды облысында ауа температурасы -35-39 градусқа дейін төмендеді. Әдетте, қатты аязда тұрғындар электр жылытқыштарын пайдаланады.
«Оқжетпес-Т» ЖШС апаттық бригадасы жедел қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Сағат 23:00-дегі жағдай бойынша 58 үй электр қуатынсыз қалып отыр. Төтенше жағдайлар бригадалары жұмыс істеп жатыр. Бір сағат ішінде электрмен жабдықтау қалпына келтіріледі», - делінген хабарламада.