«Ұлттық пантеонда жерлеу керек»: депутат Кенесарының басын қайтару мәселесін көтерді
Ол ханның мылтығын қайтарып, Ұлттық мұражайға қоюды ұсынды
Мәжілісте депутат Бақытбек Смағұл Кенесары ханның басы мен мылтығын қайтарып беруге қолдау көрсету туралы сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа бағыттады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Хан Кене аз уақытқа болса да, барлық үш жүзді біріктіріп, хандықты, яғни қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіре алды. Көптеген зерттеуші елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтірудегі Кенесарының ерекше рөлін атап өтті. Оған патша әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарап, оны «Қазақ даласының Митридаты», «ержүрек батыр» деп атаған. Кенесары Қасымұлының ұлағатты өмірі, жанқиярлық ерлігі, елге адал қызметі үлгісінде қазақ батырларының бірнеше ұрпағы, XX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшылары тәрбиеленді», - деді депутат Бақытбек Смағұл.
Ол атағандай, қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр.
«2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды», - деді ол.
Депутат Кенесары ханның басын қайтаруды сұрады.
«Құрметті Әлихан Асханұлы, Кенесары ханның туғанына 220 жыл және Ұлы ханымыз бастаған көтеріліске 185 жыл толуын, мұның ұлттық тарихтағы маңызды орнын ескере отырып, сонымен қатар Әділетті Қазақстанда тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында Сізден Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесінде қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз», - деді Б. Смағұл.